Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың білімін, іскерлігі мен дағдыларын бағалаудың тәуелсіз және объективті жүйесін енгізуге бағытталған «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңды іске асыру шеңберінде біліктілік бағдарламаларын әзірлеу тәртібін бекітті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қабылданған Қағидалар шеңберінде кәсіптік біліктілікті тану орталықтары ерікті негізде кәсіптік біліктілікті тану кезінде емтиханның теориялық және практикалық кезеңдерін өткізуге қойылатын жалпы талаптар айқындалды.
Емтиханның практикалық бөлігін сипаттау кезінде тану орталықтары осы процесте жабдықты, әдіснаманы және (немесе) құралдарды пайдалану туралы ақпаратты көрсететінін атап өткен жөн.
Бұл ретте, аталған орталықтар кәсіптің сипатына, жұмыс түріне, өндіріс ерекшелігіне қарай өздерінің біліктілік бағдарламаларын қалыптастырады.
Бұл біліктілік бағдарламасын әзірлеу кезінде кәсіптік стандарттардың талаптарын немесе біліктілік талаптарын ескеруге мүмкіндік береді.
Осылайша, біліктілік бағдарламалары – бұл тәуелсіз бағалау жүргізудің нақты алгоритмін құруға, осы рәсім әдістеріне, тәсілдері мен құралдарына бірыңғай талаптарды жүйелеуге және қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін негізгі құрал.