Әзербайжанның Бас прокуратурасы Түркияда тұратын және қызмет ететін жеті адамды халықаралық іздеуге жариялады. Олар әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда мемлекеттік билікті күшпен басып алуға және діни араздықты қоздыруға шақыратын материалдар таратты деген күдікке ілінген. Сот олардың барлығына сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады.
Report агенттігінің Әзербайжан Бас прокуратурасына сілтеме жасап хабарлауынша, аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 281.2, 283.2.1 және 167-3.1-баптарымен қылмыстық іс қозғалған. Алдын ала тергеуді Бас прокуратураның Тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы Әзербайжандағы конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге, мемлекеттік билікті басып алуға, сондай-ақ діни радикализм негізінде зорлық-зомбылыққа, діни өшпенділік пен араздықты қоздыруға шақыратын материалдар таратқан.
Іс бойынша жеті адам күдікке ілінді
Тергеу барысында күдікті ретінде мына адамдар анықталған:
- Haksöz журналы мен Haksöz Haber интернет-ресурсының авторы Рыдван Кая;
- Köklü Değişim басылымының жазушысы, Değişim TV жүргізушісі Зекария Джеран, лақап аты – Абдулла Имамоглу;
- Analiz Merkezi интернет-ресурсының негізін қалаушы, Fatih Tezcan’la Analiz Merkezi бағдарламасының авторы Фатих Тезджан;
- Ahmet Şanlı Hukuk Bürosu заң кеңсесінің жетекшісі Ахмет Шанлы;
- Фахреттин Ташкая Сарал;
- Абдуррахман Тумер;
- Алпарслан Танрыкулу.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікке ілінген материалдар 25 қыркүйек пен 18 қазан аралығында X, Facebook, Instagram, YouTube, TikTok әлеуметтік желілерінде және басқа да интернет-ресурстарда жарияланған. Жарияланымдарда діни радикалдық мазмұндағы фото, бейне және өзге де материалдар болғаны айтылады.
Күдіктілер Әзербайжанның дипломатиялық өкілдіктері маңындағы акцияларға қатысқан
Бас прокуратураның мәліметінше, Рыдван Кая 3 қазанда Ыстанбұлдағы Әзербайжанның Бас консулдығы алдында өткен акцияда сөз сөйлеген. Сондай-ақ ол Зекария Джеранмен бірге 13 қазанда Анкарадағы Әзербайжан елшілігі алдында ұйымдастырылған акцияға қатысқан.
Тергеу нұсқасы бойынша, аталған акциялар барысында мемлекеттік билікті күшпен басып алуға шақырған сөздер айтылып, діни радикалдық сипаттағы мәлімдемелер жасалған.
Сот жеті адамды сырттай қамауға алу туралы шешім шығарды
Бакудің Бинагади аудандық сотының шешімдерімен жеті күдіктінің барлығына сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, олар халықаралық іздеуге жарияланған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Әзербайжанның құзыретті органдары халықаралық құқықтық көмек тетіктерін, соның ішінде Түркияның тиісті органдарымен ынтымақтастықты пайдаланып отыр.
Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденген жоқ.
Тағы оқи отырыңыз: Әзербайжанда мектеп директорының көлігін өртеді: Тағы бір күдікті ұсталды