Биліктегілер қирағалы тұрған жатақханаға терможаңғырту жүргізбек болған

15 Қыркүйек 2022, 15:36
1764
Бөлісу:
Биліктегілер қирағалы тұрған жатақханаға терможаңғырту жүргізбек болған
PHOTO

Атырау қаласының ортасында, яғни Владимирский 99 мекен жайы бойынша орналасқан 5 қабатты тұрғын үй 2019 жылы апатты деп танылған, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Алайда жергілікті билік нысан қирағалы тұрса да, оны терможаңғыртудан өткіземіз деп жоспарлаған. Шенділердің бұл шешіміне келіспеген баспана иелері бүгін шу шығарды.

Биліктегілер қирағалы тұрған жатақханаға терможаңғырту жүргізбек болған

90 жылдары медициналық қызметкерлерге қолданысқа берілген жатақхана осы уақытқа дейін жөндеу көрмепті. Қазір кіреберіс баспалдақтан бастап, қабырғасы, ортақ ас үйі мен әжетханасы да сұрықсыз күйде. Қоқыс пен су толып тұрған жертөледен де қолаңса иіс шығады. 

Биліктегілер қирағалы тұрған жатақханаға терможаңғырту жүргізбек болған

40 жыл медицина саласында қызмет еттім. Қазір зейнеткермін. 3 топ мүгедегімін. 2019 жылы бізге бұл үйді апатты деп айтты. Сүріледі деді. Ал қазір үйлеріңіз сыртынан қарағанда бүтін, модернизация жүргіземіз дейді. Бұл үйдің сырты бүтін болғанымен, іші түтін. Жарық жиі сөнеді. Газ атымен жоқ. Тамақты плиткаға пісіреміз. Басты талабымыз мына үйді сүріп, бізді басқа жерге көшірсін, - дейді Балым Садуова.

Бұл тұрғын үйде 102 пәтер бар. Оның ең үлкені 13 шаршы метрден аспайды. Аядай бөлмеде ең кемі 2-5 адам тұрады. 

Биліктегілер қирағалы тұрған жатақханаға терможаңғырту жүргізбек болған

Кеше бізден КСК бас тартты. Құбыр жарылып, жылусыз қалғалы отырмыз. Сонда біз қара күзде не істеуіміз қажет? Мен күйеуім және 3 баламмен 13 шаршы метрде тұрамыз. Қатар-қатар  тізіліп жатамыз. Жақында ғана тоқтар ашық-шашық жатқан соң өрт болды. Құтқарушылардың 5 көлігі келіп, әрең өшірді. Біз халық болып уәде етілген жаңа үйді күтіп отырмыз. Терможаңғырту жасаймыз деген миға қонымсыз, - дейді тұрғындардың бірі Нұрсұлу Нұрмағамбетова.

Бұқараның базынасы биліктегілердің құлағына жетті. Жақында ғана тағайындалған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев тұрғын үйге барып, толық аралады. Мәселе жыл соңына дейін шешілетінін жеткізді. 

Соңғы рет бұл жерге 2017 жылы техникалық тексеріс жүргізілген екен. Одан кейін 5 жылдан астам уақыт өтті. Біз қазір сол техникалық тексеруді тағы бір мәрте жүргіземіз. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз. Менің ойымша бұл үй сүріледі. Ең алдымен оған негіз керек. Бәрі заң шеңберінде болуы керек, - деді Қайрат Нұртаев.

Тұрғындардың өтініші бойынша нақты шешім жыл аяғына дейін қабылданады. Пәтер иелері «Береке» ықшам ауданындағы су жаңа баспанаға көшуі мүмкін. Әзірге алақандай бөлмеге қанағат етуге мәжбүр.

Айта кетейік, мұнайлы өңір орталығында бұдан бөлек 86 апатты тұрғын үй бар. 

Өзгелердің жаңалығы