Билік өкілдері мен мемлекеттік емес ұйымдардың басын қосқан диалог алаңы өтті

10 Қазан 2019, 20:47
2326
Бөлісу:
Билік өкілдері мен мемлекеттік емес ұйымдардың басын қосқан диалог алаңы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйымдар мен орталық мемлекеттік орган өкілдерінің басын қосқан диалог алаңы өтті.

Қазақстан президенті өзінің Жолдауында азаматтық сектордың дамуына ерекше назар аударған еді. Аталмыш жиынның діттеген мақсаты да сол – азаматтық қоғам мен биліктің арасына дәліз орнату, екі ортадағы қарама-қайшылықтар мен түйткілді түйіндердің шешімін табу.
Дискуссиялық алаңға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин қатысып, қызу талқылаудың куәсі болды. Сондай-ақ, "Қазақстанның Азаматтық Альянсы" ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов, "Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қорының президенті Зәуреш Батталова, "Камеда" ҚҚ атқарушы директоры Махаббат Еспенова және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі уәкілдер өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстар мен ұсынымдарды ортаға салды. 

"Баршаңызға мәлім, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру және азаматтық қоғам құрудың маңыздылығына ерекше көңіл бөліп отыр. Осы ретте біздің мақсатымыз – мемлекеттік органдардың азаматтық қоғам институттарымен тиімді жұмыстарын үйлестіру және тетіктерін жетілдіру", - деп атап өтті вице-министр Данияр Есин. 

Айта кетейік, министрлік меморгандардың уәкілетті лауазымды тұлғаларының азаматтық қоғаммен өзара байланысын ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды әзірлеген. Осы орайда, әрбір орталық мемлекеттік органдардың, яғни министрліктердің, әкімдіктердің уәкілдері бірінші басшыға қоғамдағы ахуалды дер кезінде жеткізіп, хабардар етуге міндетті. Уәкілетті тұлғалар жарты жылда бір рет үкіметттік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесу өткізуге тиіс. 

Басқару жүйесінде бар проблемалардың атын атап, түсін түстеп айтқан сарапшының бірі – Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зауреш Батталова. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде халық пен биліктің арасында берік байланыс жоқ. 

"Қарапайым тұрғындар, тіпті, сіздерді іздемейді де. Себебі олар осындай жауапты органдардың бар екенінен де бейхабар. Оның үстіне, күдікпен немесе аса сенімсіздікпен қарайды", - деген ойын ашық жеткізді. 


Өзгелердің жаңалығы