Билет құны, жаңа рейстер: Премьер-министр отандық авиацияны дамытуды тапсырды

7 Қазан 2019, 11:22
2411
Бөлісу:
Билет құны, жаңа рейстер: Премьер-министр отандық авиацияны дамытуды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында азаматтық авиацияны дамыту мәселелері талқыланды.

«Халықты сапалы, қауіпсіз және қолжетімді авиақызметтермен қамтамасыз ету - Елбасы мен Президенттің біздің алдымызда қойып отырған маңызды міндеттерінің бірі. Бүгінгі таңда бұл салада жолаушылар тасымалы көлемінің артуы байқалуда. Сала үшін кадрларды даярлау сапасын жақсарту, әуежайларда әуе кемелері мен қызмет көрсету сапасын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру бойынша жұмыс үнемі жүргізілуде. Қазіргі таңда Air Аstana, Qazaq Air әуе компанияларының ұшу бағыттарының қарқынын дамытып, бағалар саясаты бойынша нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бюджеттік FlyArystan әуе компаниясының тарифтері Еуропаның бюджеттік әуе компанияларымен салыстырғанда орташа есеппен 4 есеге дейін төмен. Келеcі жылы FlyArystan әуе компаниясы рейстерінің саны күніне 28-ден 80-ге дейін артады, ұшу бағыттары айтарлықтай кеңейтіледі. Жалпы, барлық отандық әуе компания қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмысын одан әрі жалғастырады», - деді Асқар Мамин.

Премьер-министр Индустрия, Ұлттық экономика, Қаржы, Сыртқы істер министрліктеріне Астана Қаржы орталығымен бірлесіп, 2020 жылы Шанхай мен Сингапурға рейс ашу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

«Сондай-ақ, Нью-Йоркке ұшу үшін отандық әуе компанияларды аккредиттеу рәсімін аяқтау қажет. Бұл мәселе бойынша мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде және әуе компаниялардың өздері де осы жұмысты жандандыруы тиіс. Екінші, Индустрия министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін Қостанай және Балқаш әуе жолдары ұшу-қону жолағының реконструкциясын аяқтауды тапсырамын. Қазіргі таңда шетелдік инвестордың қатысуымен Түркістан қаласында халықаралық әуежай құрылысы жүргізілуде. Осы насынды белгіленген мерзімде аяқтау керек. Мерзімі – келесі жылы. Өздеріңізге белгілі, келесі жылы Шымкент қаласы ТМД мәдени астанасы болып жарияланды. Қалаға келетін туристердің саны бірнеше есе артады. Осыған орай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен әкімдікке әуежай терминалы құрылысының уақытында басталуын және сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысының айтуынша, отандық әуежайларда шетелдік әуе компаниялар үшін «ашық аспан» режимі жұмысын белсенді жүргізуі керек. Бұл жаңа шетелдік әуе компанияларын тартуға, бағыттарды көбейтуге, әуе компаниялар арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Ал бұл әуе билет құнының төмендеуіне әсер етеді.

«Төртінші, билет бағасының 20 пайыздан астамын авиаотын шығыстары құрайтыны белгілі. Сондықтан Ұлттық экономика, Энергетика, Индустрия  және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне авиакеросинге баға белгілеу және тиісті заңнамалық реттеу мәселелерін пысықтауды тапсырамын. Бесінші, Самұрық-Қазына қоры холдинг басқаруындағы әуе компанияларының әуе кемелері паркін ұлғайтуды және олардың ұшу географиясын кеңейтуді қамтамасыз ету қажет. Алтыншы, авиация саласын одан әрі дамыту мақсатында шағын авиацияны дамыту керек. 2025 жылға дейінгі «Нұрлы жол» бағдарламасында қарастырылған, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде шағын авиация мен аэродромдарды дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді және қабылдауды жеделдетуді тапсырамын. Көріп отырғанымыздай, авиабилеттің бағасын төмендетуге бағытталған жұмыс қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер беруде. Бұл жұмысты барлық отандық әуе компания бірлесіп, жалғастыруы қажет», - деп түйіндеді Асқар Мамин.

Өзгелердің жаңалығы