Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХXVII сессиясына арналған Қазақстан халықтарының ұлттық билері фестивалі өтті.
Елімізде тұрып жатқан түрлі ұлттардың билерін халыққа насихаттау, сондай-ақ шығармашылық ұжымдарға қолдау көрсету мақсатында өткізілген шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен өңір жұртшылығына танымал «Вайнах», «Еркетай» «Ақтолкын», «Непоседы», «Арарат», «Жалында» және тағы басқа хореографиялық ансамбльдер қатысты.
«Биыл екінші мәрте өткізіліп отырған Қазақстан халықтарының ұлттық билері фестивалі өткен жылы басталған болатын. Оның өткізілуі «Жаңғыру жолы» жастар штабының құрылуымен тұспа-тұс келді. Өткен жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен кеңес барысында аталмыш штаб құрылып, барлық облыстарда оның филиалдары ашылған еді. Аталған фестиваль өңірімізде тұрып жатқан этностардың ұлттық билерін насихаттауға, олардың аға буыннан кіші буынға берілуіне, ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтауға бағытталған. Шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп отырмақпыз», - деді облыстық Достық үйі – келісім орталығы директорының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш хореографиялық ансамблінің шығармашылық жетекшісі Равиль Юнусов.
Оның айтуынша бұл жолғы фестивальге облыстың аудан, қалаларынан 12-ден астам хореографиялық ұжым келген. Олардың бірнешеуі этномәдени орталықтардың өкілдерінен құралған би ұжымдары болса, енді бірі ұлттардың билерімен кәсіби түрде айналысатын хореографиялық топтар.
«Фестивальге қатысатын ұжымдардың мүшелеріне жас шектеуі қойылмаған. Жалпы оған 6-дан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Дегенмен, кейбір би ұжымдарының ішінде 20 және одан да жоғары жастағы жастар бар. Біз оларға шектеу қоймаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағанын барлығымыз білеміз. Ал фестивальге қатысушылар – жастар. Ал жастар бүгінгіні ертеңімізбен жалғастыратын буын. Олардың өз ұлтымен қатар, өзге ұлттың да мәдениетін бойына тез сіңіретіні белгілі. Мысалы, украин ұлтының биін билеу үшін, ол ұлттың өкілі болудың қажеті жоқ, бар болғаны ұлттың дәстүрін танып-білуге деген құштарлық болса болғаны», - деп қосты Равиль Юнусов.