Әбілқасымова бизнесті қолдаудың қосымша шаралары туралы айтып берді

23 Маусым 2020, 10:29
1097
Бөлісу:
Әбілқасымова бизнесті қолдаудың қосымша шаралары туралы айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова онлайн өткен Үкімет отырысында бизнесті қолдаудың қосымша шаралары туралы айтып берді.

Төтенше жағдай кезеңінде Президенттің тапсырмасына сәйкес, агенттік қаржылық қиындықтарға тап болған халық пен бизнеске қолдау көрсету бойынша бірқатар шара қабылдады. 16 наурыз бен 15 маусым аралығындағы кезеңде жеке тұлғалар және ШОБ субъектілері үшін несиелерін кейінге қалдыру рұқсат етілді. Бұл кезеңде 1 млн 890 мыңнан астам адамның немесе барлық жеке қарыз алушының 34 пайызының төлемі кейінге қалдырылды. Бұл төлем сомасы 268 млрд теңгені құрады, - деді ол. 
Әбілқасымова айтқандай, несиелерді қайта құрылымдауға 12 455 ШОБ субъектісі өтініш жасаған. 
Бұл ШОБ-тың несие алушыларының 41,5 пайызын құрайды. Қайта құрылымдалған төлемдер сомасы 165 млрд теңге болды. ТЖ енгізу нәтижесінде барынша зардап шеккен 12 сала және 346 экономикалық қызмет түрі қамтылды. ТЖ аяқталса да, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының қызметін қайта құру бірқалыпты және толық емес. Тауарлар мен қызметтерге сұраныс көлемі қысқарып, айналым мен түсім азайды. Нәтижесінде, алынған несие бойынша міндеттемелерді орындау деңгейі төмендеді, - деді ол. 
Ол атап өткендей, шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша шараларын іске асырып жатыр.
2020 жылғы 16 маусым-15 қыркүйек аралығында шағын және орта бизнес субъектісі қосымша қолдау шаралары туралы банкке не микроқаржы ұйымына өтініш жасауға құқылы. ШОБ субъектілерінің қаржылық жағдайы нашарлаған кезде несие ұйымдары қолдау көрсетудің екі бағытын ұсынады. Бірінші – төлемдерді кейінге қалдыру, екінші – мемлекеттік бағдарламалар аясында қайта қаржыландыру. Бұл шараларды барлық шағын және орта бизнес субъектілері қолдана алады. Бағдарламаның жалпы көлемі 600 млрд теңге. Қазір 259 млрд теңге сомасында несие берілді. БЖК бойынша 6 пайыздық мөлшерлемемен қайта қаржыландырылуда, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы