Бейжіңде (ҚХР) ШЫҰ-ның Медициналық және фармацевтикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
ШЫҰ-ның тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі Қытай комитеті, ШЫҰ-ның Хатшылығы, ҚХР-дағы Өзбекстан Республикасының елшілігі және Қытай фармацевтикалық инновациялар және ғылыми-зерттеу әзірлемелері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Конференцияға қатысушылар мен ұйымдастырушылар «Денсаулықты сақтау үшін фармацевтикалық кооперацияны нығайту» тақырыбында кең ауқымды мәселелер бойынша терең талқылаулар өткізіп жатыр.
Конференцияның ашылуында сөз алған ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин адамдардың денсаулық жағдайы маңызды екенін атап өтті.
Елдеріміз медициналық серіктестікке баса назар аударып, оның деңгейін арттыра түсті. Ол барлық бағытта байқалады, ең алдымен денсаулық саласы басшыларының, санитарлық-эпидемиялогиялық мамандардың кездесуі. Бұл механизмнің барлығы өте маңызды рөл атқарды. Онымен қоса елдеріміздің арасында денсаулық саласында құқықтық, үкіметаралық байланыстар да нығайып, сәтті жүзеге асырылып келеді, - деп атап өтті ШЫҰ Бас хатшысы конференцияда.
Чжан Мин елдер арасында вакцина әзірлеу саласында да байланыс нығайып келе жатқанын айтты.
ШЫҰ елдеріне жұмыс сапары кезінде Қытайдың вакцина және дәрілік препараттар әзірлеу саласындағы байланысының жақсы деңгейге көтерілгеніне көзім жетті, - деді ол.
Сонымен қатар бүгінгі конференцияның өзекті екенін айтып, елдер арасындағы медициналық-фармацевтикалық серіктестіктің одан әрі қарай нығаюы үшін маңызды екенін айтты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттарды сараптау департаментінің басшысы Шынар Байдуллаева онлайн форматта қатысып жатыр. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Қазақстандағы дәрілік заттар саласы жайында баяндама жасайды.