Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейжің билігі коронавирус індетінің таралуын бақылауға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соңғы күндері тәулігіне тіркелген науқастар саны 10-ға жетпейді.
Бейжіңде індеттің соңғы рет ушығуы шамамен 10 күнге созылды. Маусымның 9-ынан бері ауру жұқтырған 370 науқас тіркелді. Вирустың таралуы ковидке шалдыққан тұрғынның шаһардағы бардың біріне барып қайтқаннан кейін басталған еді. Кейін тіркелген дімкәс жандардың көбі дәл осы бардың қызметкерлері немесе олардың жақын таныстары болып шықты.
Індет анықталмай жатып бірер күн бұрын Бейжің билігі аймақтағы эпиджағдайдың оңалғанын жариялап, бірқатар мейрамхана мен ойын-сауық орындарын ашқан болатын. Тіпті мектептер мен балабақшалардағы офлайн оқуды да жандандырмақ болды. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспады. Індетті өршітпеу үшін билік тұрғындарды жаппай тестілеуден өткізді. Одан бөлек, азаматтар қатаң карантинде отырды. Көптеген мекеме жұмысын тоқтатты. Қолға алған шаралар нәтижелі болып, билік қоғамдық орында басталған індет толық ауыздықталғанын хабарлады.
Эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Алдағы уақытта да қауіпті жерлерді жіті қадағалап, карантин мен бақылауды күшейтеміз. Инфекция жұқтырғандар міндетті түрде оқшауланады, - дейді Бейжің мэриясының ресми өкілі Сюй Хэцзянь.
Коронавирус Шанхай қаласында әлі де қауіп төндіруде. Одан бөлек, инфекция Қытайдың 8 ауданында анықталып жатыр. Көптеген қалада тұрғындар жүйелі түрде ПТР тест тапсырып, тексеруден өтуде. Яғни қоғамдық орындарға кіру үшін соңғы 2-3 күнде тапсырылған тестің теріс нәтижесін ұсыну қажет. Кей шаһарларда шет елден келгендер үшін карантин мерзімі қысқарып жатыр. Яғни мейман бір апта қонақүйде оқшауланса, екінші апта үйде отырады.
Сонымен қатар белгілі бір санатқа жататын Қазақстан азаматтары Қытайға виза рәсімдей алады. Мысалы, жұмыс бабымен келушілер үшін, не болмаса Қытайда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың отбасы мүшелері және мемлекеттік органдар мен ірі компаниялардың шақырылуымен келгендерге виза беріледі. Жақын арада екі ел арасында тікелей әуе рейстер де жанданады деп болжанып отыр.