Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетімен тұрақты негізде ұшу географиясын кеңейту және қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен, ағымдағы жылдың 27 сәуірінен бастап «China Southern Airlines» әуе компаниясы Алматы – Бейжің әуе бағыты бойынша рейстер санын аптасына 3-тен 7-ге дейін ұлғайтты. Осылайша, әуе компания осы бағыт бойынша рейстерді күнделікті негізде орындайтын болады.
Рейстер сыйымдылығы 152-200 орындық «Эйрбас-А320/А321» типті әуе кемелерінде орындалады. Айта кетсек, 2023 жылғы 10 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында өзара визасыз режим жұмыс істейді, бұл екі ел арасындағы кедергісіз саяхатқа ықпал етеді.
Рейстер санының артуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.