Күз – ерекше жыл мезгілінің бірі. Бұл маусымда тіршіліктің қарбалас сәтін көруге болады. Күзде ауа температурасы өзгеріп, айналаға өз әсерін тигізе бастайды. Оны түрлі түске енген жапырақтардан байқауға болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Қытай астанасы Бейжің күзінен фоторепортаж ұсынбақпыз.
Бейжің ауа райы бір қарағанда Астананың ауа райына ұқсайды. Бірден күн салқындап не жаңбыр жауып кетуі мүмкін.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, биыл Бейжіңге күз кеш келген. Өйткені былтыр дәл осы уақытта күн салқын болған көрінеді.
Барлығымызға күздің келгені оқушылардың, студенттердің сабаққа оралуымен сезіледі. Бейжіңде қыркүйекте таң салқындай бастады.
Бұл суретте әкесі баласын скутермен мектепке апара жатыр.
Бейжің көшелерінен жеміс-жидек ағаштарын жиі байқауға болады. Соның бірі – құрма ағашы. Құрма қазанның басында пісіп, жерге түсе бастады. Суретте оны қала тұрғындары жинап алып жатыр.
Десе де мұнда ағаш жапырақтары қазан айының ортасынан бастап сарғыш түске ене бастады.
Дәл қазір жапырақтар сары және қызғылт түске өзгеріп жатыр. Саябақтарда бейжіңдіктер серуен құрып, естелікке күзгі пейзаждарды суретке түсіріп жүр.
Дәл бүгін ауа температурасы +15 градусты көрсетіп тұр.
Астанада күн салқындап, жылу қосылып үлгерді. Бірақ Бейжіңде күн салқындаса да, жылыту маусымы қараша айының ортасына қарай толық қосылады. Ал Қытайдың оңтүстік өңірлерінде қыстыкүні мүлде жылу қосылмайды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар үйде орталықтан жылу берілмегендіктен қалың киініп жүреді.