Бейсеннің аты берілсін

28 Мамыр 2020, 20:33
10755
Бөлісу:
Бейсеннің аты берілсін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Ана тілі" газеті Талдықорған қаласының орталығындағы бір ғимаратқа жақында қайтыс болған белгілі журналист Бейсен Құранбектің есімін беріп, "Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйі" деп атауды ұсынды.

Туған ай – тураған ет… Қазақ журналистикасының қайраткер ұлдарының бірі Бейсен Құранбектен қапыда көз жазып қалғанымыз күні кеше. Уақыт арда туған Азаматтың жарқын бейнесін тірілер ауылынан алыстатып барады. Әрине, алыстаған сайын Тұлғасы да зорайып, биіктей беретіні даусыз. Себебі – айналып болмас аядай ғана жасында артына ұрпағы үлгі, ұлтына мерей болар іс қалдырды. Жанының тазалығын, сүйген кәсібін халықтық әлеуметтік жобаларға ұластырғаны үшін күллі ел қайғырды. Әлгі бір дуалы ауыздан шыққан "Тірілермен тірімін" дейтін сөздің нарқы осындайда білінеді. Жайсаң Азамат өзінің көзі жұмылғанмен, тірілердің көзін ашып кетті… - деп жазады газеттің Бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан.

Ат жалын тартып мінгеннен бастап бар ғұмырын ұлттық журналистиканың дамуына, әлеуметтік қайшылықтардың белдеуіне түсіп қалған қандастарға арнаған әріптесіміз жайлы әлі талай ­айтылады. Ол қозғамаған тақырып кемде-кем. Байтақ Қазақстанда журналистік сапармен Ол бармаған ауыл-аудан жоқ. Бәрін өзі аяқтай ­барып, зерттеп, көзін жеткізіп барып қана ақпарат беру мәдениетін қадыптаған журналист.

Жаңа дәуір жастарының көшін бас­таған Бейсен Құранбек Тәуелсіздікке қалтқысыз қызмет етті. Ақпараттық кеңіс­тіктің бел ортасында жүріп, мем­лекеттік саясаттың күнгей-теріскейін қалың бұқараға талдап-таразылап жет­кізуге бар күшін салды. Еліміздегі ең жетекші арналарда жанкешті де абыройлы еңбек етті. Туған өлкесі – айрықша жақсы көрген Талдықорған шаһарына оралып, ірі жобаларға локомотив болды. Аймақтық телеарнаның беделін арттырды. Өңір басшысымен келісе жүріп облыстық арнаны заманауи техникалық базамен қамтыды. Ең бастысы – бүгінде облыстағы ақпарат құралдарына қара шаңырақ болып тұрған ғимарат – Журналистер үйінің еңсе тіктеп, ел игілігіне берілуіне бірден-бір күш жұмасаған осы Бейсекең. Жарғақ құлағы жастыққа тимей күндіз-түні тынбай жүгірген еңбегі жанды - дейді ол.

Сонымен қатар Жанарбек Әшімжан өзібасқарып отырған "Ана тілі" газетінің атынан Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа өтініш жасады.

Осы орайда Алматы облысының әкімі, тіршілігінде Бейсенге тірек ­болып, тікелей қолдау көрсеткен Амандық ­Баталов мырзаға "Ана тілі" басылымы тарапынан арнайы ұсыныс айтқымыз келеді: Марқұмның жылдығына дейін облыс орталығындағы жарқыраған осы ғимаратты "Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйі" деп ресми түрде ­аталуына құжатты түрде қолдау көрсетіп, марқұмның жылдық Асы осындай көңіл жұбатар халықтық шара деңгейінде ­аталса елдігіміздің айқын көрінісі болар еді. Бұл – тек "Ана тілінің" ғана емес, барша ниеттес, тілеулес әріптестердің тілегі десе де болады - деді Жанарбек Әшімжан.

Өз кезегінде әріптесіміздің ұсынысын BAQ.KZ ұжымы да қолдайтынын білдіре кеткіміз келеді.

Өзгелердің жаңалығы