Бейсен Тәжібаев: Референдум - реформалардың басты қозғаушы күшіне айналады

12 Мамыр 2022, 20:24
3052
Бөлісу:
Бейсен Тәжібаев: Референдум - реформалардың басты қозғаушы күшіне айналады

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Конституцияға өзгеріс енгізер сәтте әрбір азаматтың белсендігі үлкен рөлге ие, дейді «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев.

Референдумды қолдайтын партия филиалы жанындағы облыстық штаб төрағасы облыс тұрғындарын реформаларды белсенді түрде қолдауға шақырады. 

Бүгін өңірдің бір топ белсенді азаматтары мен партия мүшелері қоғамдық штаб атынан аймақтағы ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларға конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіріп, елдің ой-пікірін, ұсыныстарын жинап қайттық. Сондай-ақ, науқан кезеңінде Түркістан облысынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Сырым Ертаев, Қайнар Абасов, Құдайберген Ержан мырзалар арнайы келіп, тиісті бекітілген кестеге сәйкес ел аралап, референдумның маңызы жөнінде үгіт-насихат жұмыстарының бел ортасында жүр. Кездесуге халық көп жиналып, қоғамдық штаб мүшелерімен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік алды, - деді Бейсен Тәжібаев. 

Оның айтуынша, Ата Заңның үштен біріне енгізілетін өзгерістерге халық кеңінен қолдау жасауы керек. Әсіресе Конституциядағы 6-баптың жер, су, басқа да табиғи байлықтардың халыққа тиесілі болып өзгеретіндігі көңілінен шығатынын атап өтті. 

Өзіңіз білесіз, халқымыз үшін жер мәселесі өте өзекті. Жер мен табиғи ресурстарға мемлекет халықтың атынан меншік құқығын жүргізетін болса, көптеген ауыл тұрғындарының жерге қатысты проблемалары шешілер еді. Яғни осы аталған заң өз деңгейінде жұмыс жүргізсе, халық көтеріп отырған сын-ескертпелерге септігі тигізеді деп ойлаймын, - деді ол. 

Конституцияға енгізілетін тағы бір реформа ол, жергілікті мәслихаттарға кеңірек мүмкіндік беру, облыс басшысын тағайындар кезде облыстық мәслихат депутаттарының дауыс беруі. 

Мәселен мемлекет басшысы ұсынған екі үміткердің қайсысына мәслихат депутаттары таңдау жасайды, сол үміткерге облыс тізгінін басқару беріледі. Бұдан бөлек, ауыл әкімдерін сайлап отырмыз. Түркістан аумағындағы 181 ауыл округ әкімінің 70-тен астамында тұрғындардың тікелей дауыс беруімен сайлау өтіп, азаматтар сайланды. Алда бұл процесс мәслихат сайлауларында да тікелей жүзеге асады. Аудандық-қалалық мәслихат депутаттары 100% тікелей халықтың дауыс беруімен сайланады. Ал облыстық мәслихатта 50%-ы партиялық тізіммен жасақталса, 50%-ы мажариторлы тәсілмен таңдалады. Облыстағы 320 депутаттық мандатты елге жақын, белсенді азаматтардың иеленуіне молынан мүмкіндік ашылады. Яғни дауыс беру арқылы халықты билікке араластыру қарастырылған, - деді штаб төрағасы Б.Тәжібаев.

«Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының айтуынша, Ата Заңға енгізілетін тағы бір жақсы өзгеріс, азаматтардың Конституциялық кеңеске шағым айта алуы. 

Бұрын бұл жүйеге тек сот орындары шағым білдіретін. Ал өзгеріс енгізілсе көптеген жүйелі жұмыстар алға баспақ. Сонымен қатар, Парламентте Мәжілістің де құзыры күшейеді. Өйткені, Мәжіліс халықтың атынан сайланған өкілді орган. 70 пайызы партиялық, 30 пайызы мажоритарлық өңірлердегі өкілден құралады. Қай аймаққа қанша беріледі референдумнан кейін нақтыланады. Бесінші маусымда ел тарихында аса жауапты, маңызды кезең болары сөзсіз. Отыз жылдан аса уақытта қол жеткізген құндылықтарымызды қастерлеу арқылы жаңа белеске қадам басамыз. «Жаңа Қазақстанның» ертеңі үшін баршамыз референдумға қатысқанымыз дұрыс, таңдау жасап, азаматтық борышымызды көрсеткеніміз жөн, бұл біздің мемлекеттің болашағына алаңдайтынымызды білдіреді, - деді Бейсен Дәулетұлы. 

Айта кетейік, Түркістан өңірінде миллионнан астам сайлаушы және 914 сайлау учаскесі, 1 млн 163 мың сайлаушы бар. 

Өзгелердің жаңалығы