Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10 қаңтарға жоспарланған Мәжіліс депутаттарының сайлауы Сайлау заңнамасының жаңа түзетулеріне сәйкес өтеді.
Осы ретте Қостанай облысының бейпартиялық байқау орталығы бақылаушыларды сапалы даярлауға ерекше басымдық беріп отыр. Сонымен қатар штаб заңдық тұрғыда адал сайлау өткізу мониторингін ұйымдастырады.
Біз заңнаманың бұзу фактілерін анықтап қана қоймай, олардың алдын алуына мән береміз. Сол себепті облыстық және қалалық сайлау комиссияларының басшыларымен кездесулер өткіздік. 2021 жылдың 10 қаңтарындағы Парламент сайлауы жаңаша өтеді. Біріншіден, 16 жылда алғаш рет парламенттік сайлау мерзімінен бұрын өтпейді. Екіншіден, коронавирустық пандемия жағдайында өзгеше болмақ. Қазір дауыс беруге қажетті құрал-жабдықтардың барлығы орналастырылған. Сайлаушыларға да, байқаушыларға да қажетті жағдай жасалған. Санитарлық шаралар толық сақталған. Облыс бойынша 700-ден астам тәуелсіз бақылаушы дайындалуда. Олар үшін сайлауды объективті бағалау негізгі қағидат болады, - дейді Болат Қалиев.
Бейпартиялық байқау штабы кездесу барысында сайлау кезіндегі ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету жөнінде ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Болат Қалиев айтқандай, бұл жолы сайлауға байқаушы ретінде бұрынғыдай кез келген ниетті қоғамдық ұйымдар емес, жарғысында сайлауды байқау мақсаты бар арнайы ұйымдар қатысады. Бұл талапқа сай келсе де байқаушы-өкілді сайлау учаскесінде тіркеу үшін енді жеке басын куәландыратын құжаттан басқа байқаушының куәлігі, жарғы көшірмесі, сондай-ақ қоғамдық бірлестік басшысының өкілеттігін куәландыратын құжат талап етіледі.