Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Бейнеу ауданына барып, Ақтау – Бейнеу автожолында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен науқастардың жағдайымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Маңғыстау облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда Бейнеу аудандық ауруханасында түрлі жарақат алған 7 адам ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің мәліметінше, олардың жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек толық көрсетілуде. Аймақ басшысы емдеу сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімі жол апатынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына барып, көңіл айтты.
Еске салайық, 16 қаңтарда республикалық маңызы бар Ақтау – Бейнеу автожолында жол апаты болып, адам шығыны тіркелген. Медициналық көмекті күшейту үшін ауданға санитариялық авиация арқылы білікті мамандар жіберіліп, жедел штаб құрылды.