Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Бейнеу ауданына жұмыс сапары барысында бірнеше жаңа нысанның ашылуына қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,
Соның бірі Бейнеу ауылындағы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бір сәтте 600 адамға дейін қабылдай алатын спорт кешенінде футбол, волейбол, үстел теннисі, баскетбол ойнайтын алаңдар мен күрес залы және тренажер залы бар.
Ел игілігіне берілген жаңа тағы бір нысан жабық жүзу бассейнімен фитнес залы. Енді Бейнеу ауданының бүлдіршіндері бұдан былай жаңа үлгідегі бассейнде шомылып, фитнес залда жаттығатын болады. Нысанның жалпы көлемі 600 м2, 240 адамға дейін қабылдай алады.
«Каспий теңізінен шалғайда орналасқан ауданда мұндай нысанның ашылуы керемет жағдай, алдағы уақытта ауданнан мықты спортшылар шығып, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин секілді чемпиондар шығатынына сенімдіміз», - дейді ауыл тұрғындары.
Бейнеуде пайдалануға берілген тағы бір нысан Боранқұл ауылындағы су тазартқыш қондырғысы бар су құбыры. Су тазарту ғимаратының өнімділігі сағатына 198 текше метр, таза суға арналған 3000 м3 қойма орналасқан. 11 адам еңбек ететін болады.