Ақтөбелік өрт сөндіруші Нұржан Тілегенов – өз жұмысына адал, жауапкершілігі мол азамат. Ол осыған дейін екі отбасын өрттен аман сақтап қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемде ең қауіпті мамандық иелері саналатын өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қызметі қашан да тосын жайларға толы. Олар үнемі өмір мен өлімнің арасында жүріп, өзгелерді өрттен, судан, апаттан, басқа да түрлі қауіптен қорғайды.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары болып қызмет ететін Нұржан Тілегеновтің осы қиын салада еңбек еткеніне 12 жыл болған. Ол басында қарапайым өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан.
Менің туған жерім — Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы. 2010 жылы Қандыағаш қаласындағы №2 орта мектепті аяқтап, Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты №28237 әскери бөлімінде борышымды өтедім. Сол жерде құтқарушы лауазымында болдым. Борышымды өтеп келген соң, 2013 жылы шілде айында Ақтөбе қаласындағы өрт сөндіру бөліміне жүргізуші болып жұмысқа орналастым. 2014 жылы Мәскеу технологиялық университетіне оқуға түсіп, оқу орнын сырттай тәмамдадым. 2019 жылға дейін жүргізуші болып жұмыс істеп, дала өртіне, үйлерде болған өрт оқиғаларына шығып, оларды сөндіруге үлес қостым. 2019 жылы қыркүйек айынан бастап Ақтөбе қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы қызметін атқардым. Осы қызметте жүргенде өрт оқиғаларына көп шығып, тұрғындарды қауіптен қорғап қалдық, - дейді Нұржан.
2022 жылы желтоқсан айында Ақтөбе қаласына қарасты Кірпішті ауданында өрт оқиғасы тіркеледі. Мұндағы үш қабатты үйлердің бірінен өрт шығып, тұрғындар өрт сөндіру қызметін шақырады. Міне, сол көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын беруге асыққан өрт сөндірушілердің бірі осы Нұржан Тілегенов еді.
Бұл кезде бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы балконынан өрт шыққан болатын. Әлгі үйде тұратын отбасының 2-3 баласы бар екен. Біз аталған мекенжайға жеткенде сол үйдің келіншегі кішкентай баласын өрттен қорғау үшін терезеден лақтырайын деп тұр екен. Ал жолдасы сыртта үйдің алдында баспалдақ іздеп шыр-пыр болып жүр. Сол кезде біз жедел әрекет етіп, үш сатылы баспалдақты тереу балконға жақындатып, балалар мен әйелді құтқарып қалдық. Негізі, ауызбен айтқанда бәрі оңай ғой. Шындығында адамдар жылап, шарасыз күйде көмек сұрап жатқанда бізге, өрт сөндірушілерге, өте қиын. Біз үшін ең басты миссия — адамдардың өмірін аман сақтап қалу. Ал қалғаны — кейінгі орында. Әйтеуір осы оқиғада біз азаматтарды адам шығынынсыз аман қалып қалдық. Өзім балалардың аман қалғанына қатты қуандым, - дейді кейіпкеріміз.
Нұржан дәл осындай оқиғаға 2024 жылы да тап болған. Бұл кезде өрт Ломоносов көшесі бойында орналасқан 5 қабатты тұрғын үйде болған. Пәтер өртенгенде түтін көтеріліп, түгел бір подъездің тұрғындары үрей кешкен. Сол кезде өрт сөндірушілер ыждағаттылықпен әрекет етіп, тұрғындарды 5-қабаттан бастап сыртқа шығарған.

Түтін тараған соң, улы иістен уланбасын деп біз тұрғындарды бесінші қабаттан төмен қарай шығарып бастадық. Мен әуелі бесінші қабаттан 11 айлық бала мен оның анасын алып шықтым. Одан кейін төртінші қабатта тұратын ағамның үйіне бардым. Дәл осы үйде жақын ағам тұратын. Ол мені қорғану киімінен танымай қалып, маған қолындағы 4 жасар қызын бермеді. Мен өзімді таныстырып, маған сенуі керектігін жеткіздім. Дереу қызының басына тыныс алу қалпағын кигізіп, далаға алып шықтым. Осылайша сыртқа әлгі үйдің тұрғындарын алып шығып, олардың түтіннен сақтануын қадағаладық. Негізі, өрт оқиғасы болғанда адам үшін ең қауіптісі — өрттің өзі емес, тұншықтыратын түтіні, - дейді ол.
Кейіпкеріміздің айтуынша, тұрғындар өрт болғанда көп жағдайда сасып, не істерін білмей қалады. Тіпті, еңгезердей жігіттердің өзі өрт шыққанда қандай әрекет етерін білмейді. Осындай кезде өрт сөндірушілер ғана жедел әрекет етіп, адамдарды құтқару үшін барын салады.
Жалпы, өрт сөндіруші – жүректілікті қажет ететін мамандық. Бұл саланы кез келген адам таңдай алмайды. Бұл қызметте жүру үшін адамға өжеттілік, батылдылық, төзімділік қажет. Біздің кейіпкеріміздің бойында осы қасиеттердің барлығы бар.
Қашан да өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, қасындағы әріптестеріне қамқор, көп адамның өмірін қауіп-қатерден аман сақтап қалған Нұржан Тілегенов қандай марапатқа да лайық. Алайда ол — мақтан сүймейтін жігіт. Өз мамандығын жақсы көретін кейіпкеріміз өзіне марапат емес, қарапайым адамдардың алғысы қымбат екенін айтады. Дегенмен ол осыған дейін бірнеше мәрте арнайы сыйақыға ие болыпты.

Біз қандай жағдайға да сақадай сай болуымыз керек. Сол үшін өрт сөндірушілер тәулік бойы жаттығады, жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындалады, арнайы жоспар құрады. Меніңше, кез келген адам өз жұмысына ұқыпты болса ешқандай мәселе болмайды. Сол сияқты өрт сөндірушілер мен құтқарушылар үнемі қозғалыста болса, мүмкін емес ештеңе жоқ. Тек бір қиындығы, адамдарды құтқарғанда қауіп-қатер көп болады. Мәселен, өрт сөндіру кезінде тұрғын үйдің орналасқан жері, жанып жатқан заттары кедергі келтіруі мүмкін. Егер пәтердегі аспалы төбе балқыса, одан өте улы иіс шығады. Бұл бізге қауіпті. Сол үшін біз тыныс алу аппаратын киеміз. Оның салмағы — 30-35 келі. Арнайы киіміміз де ауыр. Өрт оқпаны мен су етікті көтеріп жүрудің өзі оңай емес. Сондықтан көп жағдайда бізге емін-еркін қимылдау қиын. Үш сатылы баспалдақпен жоғары көтерілгенде ауыр киім мен аппарат та бізге қиындық тудырады. Соған қарамастан біз өз жұмысымды толықтай орындап шығамыз. Кей жағдайда өрт сөніп болмайтын кезеңдер болады. Жер үйлерде өрт бықсыған жерде құрылыс материалын бұзуға тура келеді. Сондай қиындықтар кездескен кезде азаматтар бізге түсіністікпен қарамай, керісінше шағым айтып жатады, - дейді кейіпкеріміз.
Нұржан қазір отбасында келіншегі екеуі екі қыз өсіріп, тәрбиелеп отыр. Бүгінде өрт сөндіру бөлімінде ұйымдастырушылық қызмет атқаратын ол өзі сияқты өрт сөндірушілерге үлгі көрсетіп, қамқорлық танытып келеді. Біз “Бүгінгі күннің батыры” атанған азаматқа тек сәттілік тілейміз.