Бейбіт Исабаев Қытайдың Алматыдағы Бас консулымен кездесті

25 Тамыз 2022, 19:42
1212
Бөлісу:
Бейбіт Исабаев Қытайдың Алматыдағы Бас консулымен кездесті
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Қытай Халық республикасының Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй бастаған көрші ел өкілдерімен кездесті. Кездесуде екі жақты ынтымақтастық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ресми қонақтарды жылы қабылдаған Бейбіт Исабаев Бас консулдың кездесу туралы өтінішін ризашылықпен қабылдағанын және олардың ұсыныстарын тыңдауға әзір екенін айтты.

Өз кезегінде Цзян Вэй биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толғанына, осы жылдар ішінде жан-жақты қарым-қатынастар тереңдей түскеніне тоқталды. Соның ішінде олар Қытаймен шектесіп жатқан Жетісу облысымен әлеуметтік-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі. Осыған орай ол бірнеше ұсыныс-тілектерін білдірді. Атап айтқанда, Жетісу облысы мен шекаралас Шыңжаң өлкесі арасында бауырластық байланыс орнатылса дейді. Сонымен бірге мәдени-рухани бағытта да әріптестікке дайын. Оған қоса іскерлік қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеріп, "Қорғас" аймағында ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысуға ниетті. Бұл ретте туындаған мәселелерді жедел шешуге ықпал ететін өңірлік деңгейде үйлестіру механизмін құру туралы тілегін жеткізді.

Өйткені шекара аймағында жергілікті билік деңгейінде шешілетін мәселелер туындаған жағдайда тек орталық органдар арқылы жұмыс істеуге тура келеді және ол біршама уақытты алады. Сондықтан бізге іс барысында туындаған мәселелерді талқылап, шешуге жергілікті билікпен жұмыс істеген әлдеқайда тиімді болар еді, - деді Ц.Вэй.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде алдымен жалпы Жетісу өлкесінің Қытаймен шекаралас аймақтарының халықаралық көлік дәлізі ретіндегі, экономикалық, туристік және басқа да бағыттардағы инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды. Соның ішінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы, Достық бекетіндегі қолға алынатын жобалар жайында да қысқаша айтып өтті. Мәселен, АЭА аумағында қазір 600 гектардан астам жерге инженерлік инфрақұрылым тартылған. Бүгінде бірыңғай реестрде жобаларының жалпы сомасы 500 млрд. теңге болатын 28 қатысушы тіркелген. 2016 жылға дейін соның 20 жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Қытаймен арадағы сауда, экономикалық, инвестициялық ынтымақтастыққа кейінгі жылдардағы індеттің өршуі біраз тежеу болды. Бірақ қос тарап та эпидемиологиялық жағдайдың реттелетіне сенім артады.

Екінші тараптың ұсынысына қатысты Бейбіт Исабаев Шыңжаң өлкесімен әріптестік қатынастарды орнықтыруға қазақстандық тараптың да ықыласты екенін айтты. Ал «Қорғас» ХШЫО орталық органға қарайтын болғандықтан, бұл мәселені өзара ақылдаса отырып шешетінін жеткізді. Жетісулықтар рухани-мәдени байланыстарды орнықтыруға қарсы емес. Сол сияқты "Қорғас" аймағында аса ірі қытайлық инвестордың бастаған үлкен жобасы індеттің кесірінен үш жылдан бері тек 10 % ғана ілгері жылжығанын тілге тиек етіп, Бас консулдан осы жобаның сәтті іске асырылуына ықпал етуді сұрады.

- Облыстың 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфелі жасақталған. Оған жалпы сомасы 1 трлн. теңге болатын, 8 мың жұмыс орнын құратын 172 жоба енгізілген. Бірақ соның ішінде қытайлық ірі инвесторлар жоқ, - деді Б.Исабаев. Және ірі компанияларды Жетісу жеріндегі инвестициялық мүмкіндіктерден хабардар ете жүруді сұрады. Сол сияқты біздің өңірден Қытайға қарай бірқатар ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталады. Соған байланысты Қытай тарапы өз стандарттарына сай зертхананы қазіргідей тек Қытай жағында ғана емес, шекараның Қазақстан жақ бетіне де салса, экспорттау барысындағы процедураларды біршама жеңілдетер еді деген тілегін білдірді.

Сіздің бүгінгі сапарыңыз дер кезінде жасалып отыр деп есептеймін. Өйткені қазір Жетісудың өз алдына бір аймақ ретінде қайта құрылуына қатысты бөлініс процедуралары жүріп жатыр. Қыркүйектен бастап біз жеке облыс ретінде әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған іс-жоспарларымызға толық көлемде кірісеміз. Сондықтан бүгінгі айтылған мәселелердің бәрін ескере отырып, сіздермен жан-жақты ынтымақтастық орнатуға әзірміз, - деді Б.Исабаев.

Өзгелердің жаңалығы