Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың алдын алуы қажет – Назарбаев

6 Ақпан 2019, 12:33
2530
Бөлісу:
Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың алдын алуы қажет – Назарбаев

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада айтты. Бүгін жаңа елшілер Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсырған еді.

«Халықаралық қатынастар саласында әлемдік жүйенің түбегейлі өзгеріске ұшырағаны баршаңызға мәлім. Жетекші ядролық мемлекеттер арасындағы текетірес әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы орайда «Орта және кіші қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың» бұзылу қаупі ерекше екендігін атап өткен жөн. Бейбітшілікті қалайтын елдер жаңа жаһандық апаттың болуына жол бермеу үшін, алдын алу үшін жұмыс істеуі қажет. Бұл біздің бүкіл адамзат алдындағы тарихи жауапкершілігіміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Елбасы Қазақстан әлемдік татулық пен бірлікті сақтауға әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанын айтты. 

«Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарған қызметі соның айқын дәлелі. Жаһан жұршылығы Қазақстанды ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде мойындап отыр. Биыл 29 тамызда Семей полигонында алғашқы ядролық сынақты өткізгеніне 70 жыл толады. Біз бұл атаулы датаға ерекше мән береміз. Қазақстан антиядролық іс-қимылдармен қатар өңірлік деңгейдегі қақтығыстарды реттеуге белсенді атсалысып келеді. Оған Сирия мәселесі жөніндегі Астана процесі, Ауғанстанға көрсетілген көмек және басқа игі істеріміз дәлел болмақ. Мемлекетіміз алдағы уақытта да әлемдік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға өз үлесін қоса беретін болады», - деді Назарбаев.

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасында жаңадан тағайындалған елшілерден сенім грамоталарын қабылдады. Ақордада бес мемлекеттің елшілері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Атап айтсақ, Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Нгуен Тхи Хонг Оань, Хорватия елшісі Рефик Шабанович, Жапония елшісі Тацухико Касаи, Чехия елшісі Рудольф Гикл, Тәжікстан елшісі Хайрулло Ибодзода табыстады.
Қымбат Елтайқызы
Өзгелердің жаңалығы