Бесік жырын тыңдап өсетін сәбилер кафе-барлардың түтінін жұтып жүр – депутат

11 Қаңтар 2023, 16:03
1052
Бөлісу:
Бесік жырын тыңдап өсетін сәбилер кафе-барлардың түтінін жұтып жүр – депутат
Фото: sputnik.kz

Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова кішкентай сәбилердің денсаулығына алаңдап, Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол әр сәби мен кішкентай бала алаңсыз, қолайлы әрі сапалы ортада өмір сүріп, дамуға құқылы екенін айтады.

Бізді алаңдатқан жай – емшектегі сәбиі мен кішкентай балаларын ересектерге арналған әртүрлі көңіл көтеретін және демалатын орындарға алып жүретін ата-аналарды күнделікті өмірде жиі байқаймыз. Әсіресе, ішімдік ішілетін шулы мейрамханалар мен кальян шегетін кешкі барларға бүлдіршіндерді жиі алып барады. Ал бұл жағдай балалардың физиологиялық және психикалық дамуына теріс әсер етеді, - деді депутат.

Сөзінше, мұндай орындарды айтпағанда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, медицина қызметкерлерінің беделді қоғамдық бірлестіктері мен психотерапевтердің өзі дыбысы қатты ірі кинозалдар сәбилердің құлақ жарғағына қауіпті екенін айтады. Бұл балалардың құлағы естімей қалуына, әрі жүйкесіне зиян тиетінін, үрейлі синдром қалыптастыратынын ескертеді. 

Бесік жырын тыңдап, бесікте тербелетін сәбилер бүгінде кафе-барлардың түтінін жұтып жүр. Тәрбие де осы бесіктен басталмай ма? Халқымыздың сан ғасырлық салт-санасын бұзумен қатар олардың конституциялық құқығын бұзып жүрміз. Бала – бәрімізге ортақ құндылық. Ендеше олардың денсаулығы, қоршаған ортасы, жан әлемі көздің қарашығындай қарайтын маңызды аспектілер, - деп мәселеге жіті назар аудару қажеттігін айтып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Депутат Әлия Әбсеметова мемлекет балалардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін қолданыстағы құқықтық-нормативті реттеу базасын қайта қарап, даму перспективаларына баға беріп кешенді түрде реттеу керегін ұсынды.

Сонымен бірге көңіл көтеруге арналған мекемелердің тарапынан да, ата-аналар жағынан да жауапкершілік танылып, өзара түсінушілік мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек.Бұл мәселе тек үкіметтің ғана емес, азаматтық қоғамның да жауапкершілігі. Сондықтан да бұл іске бәріміз ат салысайық, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Өзгелердің жаңалығы