Адамды адам еткен – еңбек. Ауылда жүріп, қарапайым тіршілік тұтқасын ұстаған жанның бірі – Төле би атындағы орта мектептегі адал еңбек иесі Болатбек Жақыпбеков. Жамбыл ауданындағы бір мектептің тірегі болған еңбек адамымен BAQ.KZ тілшісі де әңгімелесіп қайтты.
Еңбек еткен адамның маңдай тері ешқашан зая кетпейді. Әсіресе қоғам үшін, ұрпақ үшін үнсіз қызмет қылатын жандардың орны әрқашан бөлек. Көбіне олар сахнаның сыртында, көрінбей жүретін қарапайым еңбек иелері. Бірақ дәл сол кісілердің қажырлы еңбегінсіз қоғамның тынысы тоқтап қалар еді. Мысалға келтірсек, мектеп қабырғасында ұстаздар шәкіртке білім берсе, оқушылар ізденіп оқыса, сол білім ордасының тыныштығы мен тазалығын күзетіп жүрген, бейне бір бейбіт өмірдің күзетшісіндей жандар бар. Солардың бірі – Төле би атындағы орта мектептегі адал еңбек иесі Болатбек Жақыпбеков. Ол 2014 жылдан бері осы білім ордасында қызмет етіп келеді. Таңғаларлығы – өзі де кезінде осы мектептің түлегі болған. Балалық бал дәурені осы дәліздерде өтіп, бозбала шағында ұстаздардан тәлім алған ол, бүгінде сол мектептің тазалығына, тыныштығына жауапты.

Өмірдің бір қызығы – уақыт өте келе оқушы болған жүрекжарды орын, енді адал еңбегін бағыштайтын қасиетті мекенге айналғаны. Қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да мектептің ауласы тап-таза болып тұрады. Бұл – Болатбек ағайдың күнделікті еңбегінің нәтижесі. Қарды күреп, ауладағы мұзды ойып, оқушыларға сүрінбей жүруге жағдай жасайды. Жаздың аптабында шаң басқан жерді сыпырып, ағашты суарып, көгалды жасыл күйінде сақтап жүреді. Ең бастысы – мектеп ішіндегі тазалық, дәліздер мен сыныптардың жайлылығы, тыныштықтың сақталуы – бәрі де осы кісінің назарынан тыс қалмайды. Еңбек – ешқашан көрінбей қалатын ұғым емес. Ол көзге байқалмаса да, жүрекке сезіледі. Болатбек ағайдың да еңбегі дәл солай. Бірақ осының бәрі – үнсіз ғана жүріп, күнделікті тірлігін мінсіз атқаратын еңбек адамының арқасы. Ол – тек күзетші ғана емес. Тек тазалықты қадағалаумен шектелмейді. Болатбек ағай – шын мәнінде мектептің "жан сақшысы". Қолына құрал-сайман алса, кез келген істі дөңгелетіп әкететін бесаспап маман.
Иә, расында білім беру ошағы жыл өткен сайын тозатын, әр бұрышы күтім сұрайтын үлкен шаңырақ. Оқушының партаға сүйенген шынтағы, мұғалімнің ашып-жапқан есігі – бәрі уақыт өте келе ескіреді. Міне, сондай сәтте Болатбек ағайдың қолөнер шеберлігі іске кіріседі. Сыныптағы қисайған партаны түзетіп, босап қалған бұрандасын бекітеді. Бөлмедегі құлып салдырлаған есікті майлап, қайтадан мінсіз қылады. Қолына балға ұстаса – ағашты шебер қағады, дәнекерлеу аппаратына жақындаса – темірді айнадай жалғап жібереді. Мектептің қай түкпірінен ақау шықса, сол жерден Болатбек ағайдың ізі табылады. Жалпы айтқанда, ұстаз бен шәкірттің алаңсыз білім алуына жағдай жасап жүрген үнсіз жанашыр. Өйткені мұғалімнің ойы тек сабақта болуы керек, ал партаның қисайып қалғанын түзетуге алаңдамауы тиіс. Оқушының міндеті – білім іздеу, ал есіктің дұрыс жабылмай тұрғанын ойламауы қажет. Осындай «ұсақ-түйектің» барлығы – Болатбек ағайдың иығына артылған жүк. Расында, әр адамның қолынан бір іс келеді. Бірақ бәрін бірдей тындыра білу – сирек кездесетін қасиет. Болатбек ағайдың артықшылығы да осында. Ол – темірді де игереді, ағашты да жөндейді, электр шамын да ауыстырады, ауладағы сынған орындықты да бүтіндейді. Дәнекерлеу ісін бір қарағанда қарапайым шаруа көрінуі мүмкін. Бірақ оның өз талабы, өз машығы бар. Қызған темірді жалғап, берік етіп шығару – шеберліктің шыңы. Болатбек ағай осы өнерді де жетік меңгерген. Бір қарағанда тозып, жарамсыз болып қалған дүниені қайта тірілтіп, іске жарамды қалыпқа келтіреді. Бұл – нағыз өнер.
Бесаспап маман туралы Төле би атындағы орта мектептің директоры Жандос Әжібаев өзінің пікірінде жылы лебізін білдірді.
Біздің мектептің тіршілігіндегі көптеген мәселе Болатбек ағайдың қолының ептілігінің арқасында шешіліп отырады. Сыныптағы парталарымыз уақыт өте қисаяды, есіктеріміз қажалады, терезелеріміздің құлпы сыр береді. Осындайда сырттан маман шақырып әуреленбейміз, себебі мектептің өз шебері бар. Болатбек ағайға тапсырсаң болды – бәрі орнында. Оның бесаспаптығына тәнтіміз. Тіпті кейде "Бұл кісі болмаса, мектептің шаруасы қалай жүрер еді?" деп ойлаймын, – дейді директор.
Бұл сөздер мектеп ұжымының ортақ ойы іспетті. Шын мәнінде, Болатбек ағайдың еңбегінсіз мектептің бүтіндігі толық болмайды.
Мектеп – тек білім беретін орын емес, ол – екінші үй. Ал үйдің тыныштығы мен жайлылығы ең алдымен тазалықтан, тәртіптен басталады. Бұл кісі осы жауапты істі мінсіз атқарып келеді. Ол кісінің еңбегі көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ шын мәнінде мектептің қалыпты өмірі дәл осы кісінің қажырлы жұмысына тікелей байланысты. Біз үшін әр қызметкер қымбат, алайда Болатбек сынды адал еңбегімен мектепке жанашырлық танытатын азаматтардың орны бөлек. Оқушылар да, ұстаздар да, ата-аналар да оның еңбегін бағалайды, – дейді мектеп басшысы.
Директордың бұл сөздері – қарапайым еңбек иесінің қадірін дәл бейнелеген баға. Шын мәнінде, мектептің тіршілігі бір үлкен сағат механизмі секілді. Ал сол сағаттың дәл жүрісін қамтамасыз етіп тұрған бөлшектің бірі – Болатбек ағайдың еңбегі. Мектеп – ауылдың жүрегі. Оны таза ұстап, балаларға жайлы жағдай жасау тек мектеп ұжымына ғана емес, күллі ауылға ортақ міндет.
Осы орайда ауыл тұрғыны, белсенді азамат Дархан Тастеміров та өз пікірін білдірді:
Біз ауылдастарымызбен үнемі мектептің жағдайына көңіл бөліп жүреміз. Балаларымыз осы жерде білім алады, болашағына жол салады. Мектептің ауласына кірген сайын тап-таза, жинақы күйін көріп, іштей қуанып қаламыз. Әсіресе, қыста қардан аршып, мұздан тазалап қойғанын көргенде балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдамаймыз. Бұл ең алдымен Болатбек бауырымыздың еңбегі. Ол кісі – адалдық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісі. Біз ауыл болып осындай азаматтарымызды мақтан тұтамыз, – дейді ол.
Ауылдың сәні – адамдардың бір-біріне деген сыйластығы мен өзара көмегі. Қай кезде де қазақ халқы "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деп, еңбегімен елге пайдасын тигізген жандарды ардақтап келген. Ол тек мектептің тыныштығы мен тазалығына жауапты жұмысшы ғана емес. Болатбек ағай – қолы шебер, ауылдың әрбір тұрғыны қажет еткенде арқа сүйейтін бесаспап азамат екенін бәрі білп алған. Қол қалт етсе, ауылдастарына көмек қолын созады. Бірінің үйінің қақпасы қирай қалса – Болатбек ағай келеді. Екіншісінің сарайының шатыры бүлінсе – тағы да сол кісі. Бір үйдің пеші қыңыр мінез көрсетсе, енді бірінің қақпағы қақырап қалса – ауылдағылардың ойына бірінші болып осы азамат түседі. Өйткені ол шын мәнінде қолынан келмейтін іс жоқ жан.
Ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Сейсенбек Айтбаев былай дейді:
Болатбектің еңбегін ауыл болып мойындаймыз. Бұл кісіні біз «жүрек жылуы мол ісмер» дейміз. Қай үйде қандай мәселе шықса да, көмектесуге даяр. Тек қолымен емес, жүрегімен жұмыс істейді. Мәселен, былтыр үйімнің қақпасы қисайып, ауырлап кеткен еді. Мамандарды шақырайын десем, уақыт табу қиын, бағасы да қымбат. Сонда Болатбекке хабарластым. Кешкісін келіп, қақпамды орнына келтіріп берді. "Ештеңе керек емес, аға, ауылдасқа көмектескенім ғой" деп күліп қайтып кетті. Міне, нағыз адамшылық деген осы. Біз осындай азаматтарымызды мақтан тұтамыз, – дейді ауыл ақсақалы ризашылықпен.
Бұл пікір – бүкіл ауылдың ойы. Себебі Болатбек ағайдың көмегін көрмеген үй кемде-кем. Болатбектің болмысындағы ең үлкен қасиет – қарапайымдылық. Ол жасағанын жария етпейді, істеген ісін айтпайды. Бәрін үнсіз істеп, қолынан келгенін аянып қалмайды. Тіпті кейде ауылдастардың шынайы ризашылығынан қымсынғандай, қысылып қалады. Бірақ ол үшін бастысы – елдің амандығы, ауылдың бүтіндігі. Қазақта "Ауылын көріп, азаматын таны" деген сөз бар. Расында да, әр ауылдың мерейін асыратын азаматтары болады. Болатбек Жақыппбеков – сондай тұлға. Оның еңбегі – көзге ұсақ көрінгенімен, мәні терең, маңызы зор. Мектепке де, ауылға да адал қызмет қылып жүрген жанның арқасында елдің тұрмысы жеңілдеп, тіршілігі тіктеліп отыр. Болатбек ағай – ауылдың арқа сүйер азаматы. Ол тек мектептің ісмері емес, бүтін бір ауылдың сүйеніші, сенімді қолдаушысы. "Жақсының жақсылығын айт" демекші, оның бейнеті – баршаға өнеге, жақсылығы – баршаға ортақ.
Осындай қарапайым, бірақ еңбегі зор азаматтарды дәріптеу – елдің парызы. Болатбек ағайдың маңдай тері мен адалдығы – ауылдың абыройын асқақтатып тұрған қазына. Бұл сөздер – қарапайым ауыл тұрғындарының жүрекжарды алғысы. Өйткені, еңбектің бағасы халықтың ықыласымен өлшенеді. Болатбек Жақыпбеков – ешқашан жалқаулыққа ерік бермейтін жан. Таңертең ерте жұмысын бастап, кеш батқанша тынымсыз еңбек етеді. Қолына құрал-саймандарын ұстап жүргенін, ауыр затты көтеріп бара жатқанын көреміз. Бірақ оның жүрегіндегі ең үлкен күш – адалдық пен жауапкершілік. Әрбір еңбектің артында үлкен мағына бар. Болатбек ағайдың еңбегі – бір қарағанда көзге ұсақ көрінгенімен, шын мәнінде мектептің тынысын ашып тұрған алып тірек. Бұл – еңбек адамының үнсіз ерлігі. Ол ешқандай мақтау күтпейді, ешқандай даңқ қумайды. Бірақ қоғам үшін жасап жүрген еңбегі өлшеусіз. Қазақ халқы әрқашан еңбек адамын ардақтап, қадір тұтқан. "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" деген халық даналығы бар. Сол сөздің айқын көрінісі – Болатбек ағайдың өмір жолы. Ол еңбегін адал атқарып, маңдай терімен елге қызмет етіп жүр. Мектеп – болашақтың іргетасы. Ал сол іргетастың мықты болуына әрбір қызметкердің үлесі бар. Болатбек ағайдың еңбегі – ұстаздың сабағы, оқушының ізденісі, ата-ананың сенімімен қатар тұрған биік құндылық. Еңбегімен еленген, мектебіне деген шексіз құрметпен жұмыс істейтін Болатбек сынды азаматтар – мектептің шын мәніндегі жанашырлары. Олар үнсіз жүріп, үлкен тірлік тындыратын, қарапайым көрінгенмен қадірлі тұлғалар.
Адал еңбектің иесі – ардақты жан. Болатбек Жакипбековтің мектептегі еңбегі – қоғамдағы қарапайым, бірақ ең қымбат қазыналардың бірі. Оның маңдай терімен жасалған тірлігі болашақ ұрпаққа өнеге, ауылға мақтаныш. Еңбегін бағалау – елдің азаматтық парызы.