Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Бертельсманн неміс қорының аға директоры Штэфан Эмптер бастаған сарапшылар тобымен кездесті, деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстанның өзекті әлеуметтік - саяси және сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларын талқылап, мемлекеттік басқару жүйесіндегі трансформация мен жемқорлықты жою арасындағы ажырамас байланысты атап өтті.
Алик Шпекбаев шетелдік сарапшылардың сұрақтарына жауап бере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңашылдықтарын құқық қолдану туралы егжей-тегжейлі баяндады. Атап айтқанда, бұл мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін жауапкершілікке тартудың, жұртшылықты жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесінің тәжірибесі туралы болды.
Сарапшылар үшін азаматтық қоғамды шешім қабылдау процесіне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларға тарту шаралары ерекше қызығушылық тудырды.
Біз ілгерілеуді көріп отырмыз. Ұзақ мерзімді келешекте Сіздердің қоғамды кеңінен қатыстыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарыңыз – заңнаманы үнемі жетілдіру секілді маңызды болып табылады, - деп атап өтті Қордың аға сарапшысы Сабине Доннер.
Қор өкілдері таңдалған бағыттың артықшылықтарын көрсете отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы кешенді тәсілді жоғары бағалады. Жалпы, олар қабылданып жатқан заңнамалық шаралардың өзектілігін айқындап, оларды сапалы іске асыру азаматтардың әл-ауқатын арттыруға оң әсер ететінін атап өтті.