Германия астанасында ауқымды электр жарығының өшуі тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Stromnetz Berlin электр желісі операторының мәліметінше, Берлиннің оңтүстік-батыс бөлігіндегі жаппай электр қуатының үзілуі 45 400 үй шаруашылығы мен 2 200 кәсіпорынды қамтыған.
Алдын ала ақпарат бойынша, Тельтов каналы үстіндегі аспалы көпірде шыққан өрт салдарынан жақын маңдағы Лихтерфельде электр станциясына баратын бірнеше кабель зақымданған. 4 қаңтар күні таңертең шамамен 7 мың үй мен 150 кәсіпорында электр жарығы ішінара қалпына келтірілді. Алайда әлі де 35 мыңға жуық үй жарық пен жылусыз отыр.
Николассе, Целендорф, Ванзее және Лихтерфельде аудандары зардап шекті. Электр қуатының өшуі мен суық ауа райына байланысты Штеглиц–Целендорф аудандық әкімшілігі мен гуманитарлық ұйымдар зардап шеккендер үшін уақытша паналау орындарын ұйымдастырып жатыр.
Полиция әлеуметтік желілерде электр жарығының өшуі ұялы және стационарлық байланысқа да әсер етуі мүмкін екенін ескертті. Оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмыс істеуде. Тұрғындар сұрақтары туындаса немесе төтенше жағдай болса, кез келген уақытта полиция қызметкерлеріне немесе жақын бөлімшелерге хабарласа алады.
Сонымен қатар полиция қараңғы уақытта патрульдеу күшейтілетінін хабарлады. Ауданға қосымша шамамен 300 полицей жіберілген. Кейбір аумақтар кешке және түнде жарықтандырылады. Берлин өрт сөндіру қызметі де бірнеше жедел байланыс орталығын құрды.