Берлинде қарулы ер адам супермаркет қызметкерін 11 сағаттан астам кепілде ұстаған оқиға бойынша полицияның арнайы операциясы аяқталды. Бұл туралы DPA агенттігі хабарлады.
Полицияның мәліметінше, күдікті электрлі шокердің көмегімен залалсыздандырылған. Кейін ол зембілмен медициналық мекемеге жеткізілді. Ал кепілде болған әйел құтқарылды.
Әзірге шабуыл жасаған адамның бұл әрекетке не себепті барғаны және оның зардап шегушімен қандай байланысы болғаны белгісіз.
Дүкен қызметкерлерінің бірінің айтуынша, кешкі уақытта, супермаркет жабылардың алдында ер адам кассаға келіп, сатып алған тауарларын таспаға қоюдан бас тартқан. Артынша кенеттен үлкен пышақ шығарып, кассирді кепілге алған. Сол сәтте дүкеннің басқа қызметкерлері сыртқа шығып үлгеріп, полиция шақырған.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін құқық қорғау органдары супермаркет маңын қоршауға алды. Арнайы операцияға арнайы жасақ сарбаздары, төтенше жағдай қызметінің мамандары, өрт сөндірушілер мен дәрігерлер жұмылдырылды.
Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.