Абай облысының жаңа әкімі Берік Уәли облыс әкімінің орынбасары, Семей қаласының әкімі, Бесқарағай ауданының әкімі және энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысын жаңа мектептердің инфрақұрылымын тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиналыста талқыланды. Берік Уәли аймақта мектептер, балабақшалар, ауруханалар, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын салу мен жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Жоспарда: 6 мектеп, 9 балабақша, 3 аурухана, 2 емхана, Оқу және медицина мекемелерін күрделі жөндеу қарастырылған.
Президент облыстың дамуын жеделдету және негізгі мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды. Бұл – үлкен жауапкершілік. Әсіресе, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл жаңа көпсалалы клиникалық аурухананың құрылысы басталады. Сондай-ақ, Семейдегі Оқушылар сарайын аяқтауға қосымша 8,6 миллиард теңге бөлінді, – деді әкім.
Әкім жаңа мектептердің құрылысын ерекше бақылауға алды.
Ұлттық жоба аясында 5 мектеп салынып жатыр. Бірақ, желтоқсанда Астанаға 3 мектептің ғана аяқталғаны туралы ақпарат берілді. Біздің өңір үшін 5 мектеп аз. Халқының саны бізбен шамалас аймақтарда кемінде 7-9 мектеп салынуда. Ата-аналар мен оқушылар мектептердің ашылуын асыға күтіп отыр, – деді ол.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковке, Семей қаласының әкімі Талғат Мұратовқа, Бесқарағай ауданының әкімі Нұрбек Қошқарбаевқа, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырхановқа сөгіс жарияланып, облыс әкімі тәртіптік жаза қолдануды тапсырды. .
Ал білім саласындағы кемшіліктерге, мұғалімдердің жалақысының кешіктірілуіне және тәрбие жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауына байланысты Білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев қызметінен босатылды.
Кеңесте өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы да талқыланды. Биыл аймақтың дамуына 9,5 миллиард теңге жеңілдетілген несие қарастырылған, бірақ бұл қаражат толық игерілмеген. Осыған байланысты “Абай” Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Абай Амангелдин жұмыстан босатылды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаевқа ескерту жасалды.
Әкім облыстағы ана мен нәресте өлімінің деңгейі жоғары екенін, медициналық қызмет сапасына халық жиі шағымданатынын айтты. Осыған байланысты Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековке тәртіптік жаза қолдану тапсырылды. Мәдениет басқармасының басшысы Айбек Саматқа ақпаратты уақтылы ұсынбағаны үшін ескерту жасалды.
Берік Уәли Семей қаласындағы аспалы көпірдің жөндеу жұмыстары кейінге шегерілгенін сынға алды. Жоба-сметалық құжаттар уақытында дайындалмаған.
Мен мемлекеттік қызметкерлердің жалған ақпарат беруіне және жұмысына салғырт қарауына жол бермеймін. Президенттің тапсырмалары тиісті деңгейде орындалмайды, есептер дұрыс дайындалмайды, жауапты тұлғалар өз міндетін толық атқармай отыр. Біз бұл мәселелерді қатаң бақылауда ұстаймыз, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Берік Уәли 2025 жылдың 17 ақпанында Абай облысының әкімі болып тағайындалған.