Берік Уәли: Бейсен жалпы қазақтың жетістігіне қуанып отыратын

18 Мамыр 2020, 18:50
2316
Бөлісу:
Берік Уәли: Бейсен жалпы қазақтың жетістігіне қуанып отыратын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақ журналистикасы ғана емес, жалпы ұлт руханияты үлкен қайғыны бастан өткеріп отыр. Орны толмас қаза, өзекті өртер өкініш, деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бейсен жылы жүзімен баршамыздың жүрегімізді жылытқан аяулы азамат еді. 2000 жылдардың басынан бері телевизия саласында қатар жұмыс істедік. 31 телеарнаның "Информбюросында", кейіннен "Хабар" телеарнасында бірге жұмыс жасадық, бір кабинетте отырдық. Бір-бірімізге тілеулес болдық. Ол жақсылықтың жаршысындай жігіт еді. Көңілінде қияудай жамандығы жоқ ақкөйлек азамат болатын. Алғашқы перзенті дүние есігін ашқандағы қуанышын көрдім. Кейін де талай дәмдес болдық. Бір-бірімізге жүргізген хабарларымыз жайында үнемі жылы пікір білдіріп, жанашыр боп жүретінбіз. Бейсен жалпы қай қазақтың болмасын жақсылығына, жетістігіне қуанып отыратын. Жаны жаралы, өмірдің тоқпағын көрген жандарға қолынан келгенше көмектесуге асығып тұратын. Төртінші мүшелінде, 49 жасында беймезгіл өмірден өтіп, келмес сапарға аттанып кетіпті. Өкінішті, әрине. Бірақ Құдайдың ісіне шара бар ма?! Дұға жасап, Жаратушыдан рақым тілегеннен басқа қолымыздан келер қайран жоқ. Бақұл бол, Бейсен!, – деп жазды әріптесі туралы Берік Уәли.
Өзгелердің жаңалығы