Мәжілісте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров «Bereke Bank» АҚ-ның 100% акциясын «LESHA BANK»-тың сатып алуына қатысты мәселені түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байбазаровтың айтуынша, бұл жоба Мемлекет басшысының 2023 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде қаралған банк саласындағы бәсекелестікті арттыру мақсатында елге 3 сенімді шетелдік банкті тарту тапсырмасының іске асырылуын қамтамасыз етеді.
Жобаны іске асыру қаржы жүйесіне жаңа капитал тартуға мүмкіндік береді. 2022 жылдың басына қайта оралатын болсақ, сол кезде Сбербанк еліміздегі ең ірі екінші банк болатын. Ол кезде олардың активтері 4 трлн теңгеден асатын еді. Енді ақпан айындағы санкциялар және басқа да жағдайлардан кейін банктен салымшылар (заңды және жеке тұлғалар – авт.) күрт кете бастады. Соның есебінен «Бәйтерек» келген кезде банктің активтері үш есеге төмендеген. Әрине, мұндай жағдайда ірі банкті сақтап қалу үшін «Бәйтерек» осындай шараға барған болатын. Бюджет шығындары болған жоқ, - деп түсіндірді.
Байбазаровтың айтуынша, «Бәйтерек» ең алдымен банкті санкциядан алып шығу жұмысын қолға алған.
Ол үшін Американың тиісті мемлекеттік органдарымен жұмыс істелді. Бір жылға жуық уақыт бойы олармен жұмыс істеп, банкті шығардық. Осыдан кейін банк өзіне келе бастады. Рейтингі қайта жақсарды. Операциялық қызметі басталды. Транзакциялық бизнесін қайта жандандыруға мүмкіндік алды. Соның есебінен банк өзінің 1,4 трлн теңгенің активтері есебінен жұмысын жандандырып, банк нәтижелерге қол жеткізді. Сондықтан банкті қалпына келтіріліп, инвесторларға ұсынуға мүмкіндік туды, - дейді ол.