Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған Қазақ радиосының дәстүрлі «Мың алғыс» шарасына Жәнібек арнайы келді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мерекелік іс-шараға арнайы келген Жәнібек қазақстандықтарға алғыс айтты. Ол сондай-ақ анасын іздеуді жалғастыратынын айтып, қазақ тілін үйреніп жүргенін де жеткізді.
Қазақстанға келгенде анамды бірден тауып аламын деп ойладым, бірақ бұл мен ойлағаннан қиынырақ болып шықты. Менің оқиғам 4 баланың анасын табуға көмектескеніне қуаныштымын. Бұл менің де анам табылатынына үміт сыйлайды. Қазақстандық достарым көбейді, алдағы уақытта жетім балалардың ата-анасын табуға көмектесетін бір жоба бастағалы жатырмын- деді Жәнібек.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде шетелде тұратын Жәнібек есімді (қазіргі құжатында ЭддЖан) жас жігіттің Қазақстанға келіп, анасын іздеп жатқаны туралы видео жарияланған еді.
Белгілі болғандай, Жәнібек 2002 жылы 17 қаңтарда Арқалықта туған. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы асырап алған болатын.