Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Саяси реформалар 5.0: Сараптамалық көзқарас» атты дөңгелек үстел барысында мәжілісмен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айдос Сарым хабарлады.
Бір үлкен мәселе бар: ол «неге қазір?» деген мәселе. Шынымен, қоғам қазір өте күрделі жағдайда тұр. Былай қарасаң, кейбір демократияландырудың өзі қауіп-қатер төндірмей ме деген іспеттес сарапшылар арасында да алаңдаушылық бар. Ондай үрейдің де негізі бар сияқты. Бірақ менің түсінігімде қазіргі жағдай Президенттің осыған дейін айтқан реформаларын іске асыру үшін де, экономиканы дамыту үшін де саяси реформалар ауадай қажет. Өйткені біз байқап отырмыз, Қазақстанның экономикалық даму моделі өзінің шегіне жетті, - деді мәжілісмен.
Сондай-ақ ол біз өз кезегінде оларды әрі қарай дамыту үшін қажетті энергия көздерін таба алмайтын сияқты болып көрінеді деп отыр.
Яғни тек қана азаматтық қоғамның ашылуы, қоғамның ішіндегі еркіндік, сөз бостандығы, ой бостандығы азаматтардың энергиясын оята алады. Мысалы, кешегі жаңадан үш аймақтың ашылуы 25 жылдан бері айтылып келе жатқан әңгімелер. Соның өзінде сол аймақта тұрып жатқан халықтың еңсесін көтеріп, өмірге деген құштарлығын, өзінің болашағына жауапкершілік алуға жетелейтін қадамдар. Біз оны осы тұрғыдан қарауымыз керек сияқты. Осы саяси реформалардың барлығы бір нәрсеге ғана: елде қалыптасқан саяси бәсекелестік ережелерін қайта жасақтауға бағытталады, - деп атап өтті Айдос Сарым.