Белгілі күйші, шертпе күй дәстүрінің көрнекті өкілі, композитор Нұрымбай Сүлейменұлы өмірден өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Нұрымбай Сүлейменұлының қазасына байланысты күйшінің отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Нұрымбай Сүлейменұлы – табиғи талантымен халқының ыстық ықыласына бөленген, өскен ортасының рухани дәстүрін жалғаған дарынды өнер иесі еді. «Қайран әке», «Қарт толғауы», «Дала сыры», «Атамекен», «Ілем менің» секілді 60-тан астам күй мен 20-ға жуық ән шығарып, өнерсүйер қауымның жүрегінен берік орын алды. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Жаны жәннаттан жай тауып, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!, - делінген көңіл айтуда.
Министрлік оның жарқын бейнесі мен мол шығармашылық мұрасы халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.