Армия орталық спорт клубы мүшесі Бекжан Төлеп әскери қызметшілер арасындағы қазақ күресінен I-ші әлем чемпионатында 55 келі салмақ дәрежесінде бас жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол жеңісін қазақ күресінің шынайы жанкүйерлеріне арнады.
Бапкерлеріміз осыдан 1 жыл бұрын осындай жарыс болатынын айтып, құлаққағыс қылған. Наурыз айында әскерилер арасында Қазақстан Республикасының іріктеуі болды. Сонда жеңіске жеткен соң тыңғылықты дайындықты бастадым, - дейді жеңімпаз.
Ол қазақ күресінен болып жатқан додада бас жүлдені алмауды өзіне сын деп санайтынын және жеңісіне сенімді болғанын айтты.
Өзіміздің ұлттық күресімізде қанша жылдан бері еңбек етіп жүрмін. Жеңіске жету – бізге міндет. Қазақ күресінен мен бұған дейін екі дүркін әлем чемпионы болып, Көшпенділер ойынын жеңгенмін, - деді спортшы.
Бекжан Төлеп жарыстың жоғары деңгейде өткенін жеткізіп, басты қарсыластарымен болған белдесулерге тоқталды.
Жарыстың деңгейі жоғары болды. Төрт кездесу өткіздім, төртеуінде де жеңіске жеттім. Басты қарсыласым өзбекстандық Шорип деген балуан. Ол қазақ күресінен Азия чемпионы болған. Және де қырғызстандық балуан. Былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болған. Сол жерде финалда күрескен балуанмен бүгін де осы кілемде қарсылас атанып, қызықты белдесу болды. Соңғы 10 секунд қалған кезде жеңісті жұлып алдым, - деді ол.