Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановтың әкесі Сейілхан Саттарханов дүниеден озды.
Оқи отырыңыз:
Бұл қайғылы хабар әлеуметтік желіге тараған болатын. Кейіннен Түркістан облысының спорт басқармасы да ресми түрде растады.
Марқұмның жаназасы 26 ақпан күні сағат 15:00-де Түркістанда шығарылады, - дейді басқарма өкілдері.

Айта кетейік, Сейілхан Саттархановтың баласы Бекзат Саттарханов – бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Ол 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында 57 келіде топ жарды. Өкінішке қарай, 2000 жылы желтоқсанның 31 күні, небәрі 20 жасында жол-көлік оқиғасынан қаза тапты.
Менің Бекзатым XX ғасырда туып, 20 жасында Олимп шыңын бағындырып, XX ғасырдың аяқталуына 20 минут қалғанда өмірден озды. Қандай өкінішті еді. 2000 жылы қазанның 1-і күні Олимпиада чемпионы атанды. Осы жылы желтоқсанның 31 күні мәңгілікке қоштасты. Өзі туған ел-жұртының алдында бар-жоғы 90 күн ғана Олимпиада чемпионы ретінде емін-еркін еркелей алды. Ары қарай Алла ғұмыр бермеді. Ол менің ғана ұлым емес, қазақ елінің, барша Алаштың баласы еді, - деп еді кезінде Сейілхан Саттарханов.

Сейілхан Саттархановтың Бекзаттан өзге Бағдат, Болат, Мақсат есімді тағы үш ұлы бар. Былтыр "Хабар" агенттігінің тапсырысымен режиссер Мұрат Бидосов "Бекзат" атты көркем фильмді түсірді.