Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, яғни 31 желтоқсан күні бокстан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың дүниеден өткен күні.
Боксшы 2000 жылдың 31 желтоқсанында жаңа жылға 20 минут уақыт қалғанда Түркістаннан Шымкентке жол жүріп бара жатқан жол апатынан көз жұмады. Міне, содан бері 19 жыл уақыт өтті.
Бекзат Сейілханұлы Саттарханов 1980 жылы, сәуірдің 4-і күні Түркістан облысының (бұрынғы – Оңтүстік Қазақстан облысы) орталығы Түркістан қаласында дәрігерлердің отбасында дүниеге келген. Ол кезде әкесі Сейілхан теміржол вокзалындағы дәрігерлік пункте фельдшер, анасы Сырлыкүл теміржолшылар ауруханасында мейірбике болып қызмет істейтін. Бекзат отбасындағы төрт ұлдың кенжесі.
Осы орайда, Несіп Жүнісбаевтың пікіріне құлақ түрсек, "Олимпиададан қайтқан соң Бекзат үш ай аттан түскен жоқ. Аузы астан, құлағы мақтау мен мадақтаудан сарсылды. Ас та төк сый-сияпаттан аяқ қана емес, көз де сүрінді. Ұйқысы қанып жатпады, шөлі қанып ішпеді, ойы қанып ойланбады. Ойландырмады. "Қой, болды, тоқтат!" дейтін жан, "сап-сап батыр, сап батыр" дейтін жанашыр болмады..." Шексіз-шетсіз мадақтау жарға жығатынын, шексіз-шетсіз таңдану, сұқтану өлтіріп жіберетінін қазақтан артық қай халық білуші еді?!"
Биылғы жылы Бекзат Саттарханов туралы ғұмырнамалық телесериал жарық көрді. Биографиялық драма 5 бөлімнен тұрады. Туынды режиссері – көптеген руxани картинасымен танымал талантты режиссер Мұрат Бидосов.
Одан бөлек, журналист Қыдырбек Рысбектің "Бекзат" атты кітабы, режиссер Сатыбалды Текеевтің "Бекзат" атты деректі фильмі бар. Әнші-композитор Гүлнұр Өмірбаева "Бекзат" әнін шығарған.