Бектұрғанова: Референдум - маңызды демократиялық институт

12 Мамыр 2022, 09:57
2312
Бөлісу:
Бектұрғанова: Референдум - маңызды демократиялық институт

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі.  Қостанай облысында референдумды қолдау штабы құрылды. Оны еліміздің алғашқы  Конституциясының авторларының бірі болған,  экс Мәжіліс депутаты Сергей Жалыбин басқармақ. 

Жиын барысында  А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті ректорының кеңесшісі Римма Бектұрғанованың пікірін білген едік.

Референдум – маңызды демократиялық институт. Себебі оған ел аумағындағы және одан тысқары жүрген Қазақстан Республикасының барлық азаматы қатысып, пікір білдіріп, үлес қосады, - дейді Римма Шыңғысқызы.

Ел тәуелсіздігінің тарихына көз жүгіртетін болсақ, референдум ұғымы таңсық емес. Мәселен 30 тамыз 1995 жылы Республика аумағында осындай ауқымды бастама жүзеге асып, халықтың ұсынысымен қазіргі қолданыстағы Конституциямыз қабылданған болатын.

Бұл арада қолданыстағы заң аясында жоғарыда аталған өзгерістерді Парламент арқылы жүзеге асыра салуға болатын еді. Бірақ Президент референдумды өткізуге өзі ұсыныс білдірді. Бұл жерде Мемлекет басшысының ұсынысынан шығатын негізгі екі себеп бар. Ең басты себеп – еліміздегі болып өткен «Қаралы қаңтар» оқиғасы. Ол жайында пікірлер біздің қоғамда әлі де болса толастаған емес. Бұл дегеніміз Президент атап өткендей Жаңа Қазақстанды құру үшін біздің саяси  және экономикалық жүйемізді қайта жасақтау керек еді. Бұл өткелі тұрған референдум елімізді жаңа бағытқа бастайтын неізгі қадам екені айтпаса да түсінікті, - деді ол.

Ал, екінші себепке тоқталсам, осындай ауқымды да келелі шешімдер түпкілікті халықтың пікірінсіз жүзеге аспайтынын көрсетіп отыр.

Енді осы референдумнан не күтеміз деген сауалға жауап бере кетсем. Әрбір қазақ елінің азаматы осы референдум аясында өздерінің ұсыныс тілектерін білдіре отырып,  болашақ Жаңа Қазақстанның қалыптасуына өздерінің сүбелі үлесін қосады. Баршамызға ортақ мүдде үшін қазір бір арнаға тоғысатын кез келді. Қазір әрбір еліміздің тұрғынының міндеті референдумға барып, дауыс бере салу емес, алдағы өзгерістердің жүзеге асуына жауапты екенімізді ұмытпайық. Бұл біздің келесі ұрпақ алдындағы елдік тұрғыдағы парызымыз, – деп түйіндейді педагогика ғылымдарының докторы Римма Шыңғысқызы.

Өзгелердің жаңалығы