Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мадина Бектенова айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп жариялады. Оның айтуынша, елдің дамуы мен болашағы үшін ол маңызды тарихи белес.
Тәуелсіздік – халықтың жанын аямай, терін төгіп жеткен жетістіктерінің айқын белгісі. Өткен кезеңде егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы қалыптасып, еркін саналы жастар өсті. Қазақстан әлемдік аренада өзінің лайықты орнын алды. Елдігімізді танытатын ауқымды іс-шараларды абыроймен өткіздік. Сонымен қатар бұл бәріміз үшін тарихи сын болмақ. Себебі, Тәуелсіздік осы отыз жылмен шектеліп қалмайды. Осыған жету жолында біздің халқымыз ұлттық ауқымдағы қиындықтарды бастан кешті, елдігіміз бен егемендігімізді сақтау мақсатында жұмыла білді. Енді осы қастерлі істі жалғастыру – келер жылдардың еншісінде болмақ, - деді ол.
Президент Қ.К. Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында алдымыздағы төртінші онжылдықта мемлекеттің дамуына арналған бағыт-бағдардың ең алымен барлық азаматтардың шынайы игілігімен өлшенуі қажет екенін айтты.
Ол үшін барлық мемлекеттік бастама мен реформа сапалы әрі уақтылы іске асырылып, адал қоғамды және тиімді мемлекетті қалыптастыру жолында өзінің оңтайлылығын көрсетуі тиіс. «Барлығы адам игілігі үшін» деген ұстаным мемлекеттік саясат ауқымында да, күнделікті өмірде де маңызды әрі өзекті болып қала бермек. Мемлекет басшысының жаңа бастамалары саяси реформалардың ауқымды легімен ерекшелінеді. Оларды іске асыру адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға, азаматтық қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге, парламентаризм мен көппартиялы жүйені ары қарай дамытуға және соның бәрін қосқанда, еліміздегі демократияландыру үдерісін ілгерілетуге ұмтылған маңызды қадам болып табылады, - деп атап өтті Бектенова.Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері экономикалық, әлеуметтік бастамалармен қатар жүргізіліп отырған саяси жаңғыру мемлекетті тың өзгерістерге жетелеп, қарқынды даму жолына алып келуі керек деп санайды.
Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Ұлттың жаңа келбеті өткенді білуден және оны дәріптеуден басталады. Мемлекет басшысы елімізге қатысты тарихи даталарды ысырыпқа салынып тойламай, мазмұнды әрі мағыналы тұрғыда атап өтудің маңыздылығын үнемі айтып келеді. Тәуелсіздік құндылығы халқымыздың жадында мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек, - деді ол.
Тәуелсіздіктің мерейтойымен қатар биыл алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл, 1986 жылы қазақ жастары ұлт намысы үшін алаңға шығып, құрбан болған Желтоқсан оқиғасына да 35 жыл толады.
Бұл ретте, тарихи жадымыздың орны ерекше. Осыған орай, Мемлекет басшысының Қазақстан тарихын қайтадан терең зерттеп, жаңадан жазып шығу туралы тапсырмасы өте орынды. Мыңдаған ғасырға созылған тарихымызды, алып мемлекеттік құрылысты, азаттық үшін соғыстарды, Алаш қозғалысының бағдарламаларын - жалпы ұлт шежіресін жаппай қайта қарап, оны өз елімізбен қатар бүкіл әлемге жаңадан паш ету – маңызды міндет. Осыған орай, мемлекеттік, қоғамдық институттардың және барлық азаматтың жұмыла еңбек етуі Мемлекет басшысы қолға алған жаңа бастамаларды сәтті іске асыруға оң әсерін тигізері сөзсіз, - деп қорытындылады ол.