Қазақстанда жаңа Конституциядан кейін өнеркәсіпке жаңа міндет жүктелді. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов елордада өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының ХІІІ форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз бәріміз тарихи маңызы зор іргелі істердің бел ортасынан табылып, ел тағдырын айқындайтын елеулі кезеңнің куәсі болдық. Қоғамның белсенді қолдауымен референдумда жаңа Конституция қабылданды. Әрқайсымызға мәлім, экономиканың және қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға мүмкіндік беретін Конституциямыздың негізгі авторы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Аса маңызды құжат ұлтымыздың ұзақмерзімді даму бағдарын айқындап, Қазақстанның кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді, - деп атап өтті Премьер-министр.
Айтуынша, «Әділетті Қазақстанды» құру үшін берік құқықтық негіз қаланды.
Бұл экономикаға, соның ішінде өнеркәсіп саласына да ерекше жауапкершілік жүктейді әрі еліміздің мол шикізаттық әлеуетін халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыттай алатын қуатты өңдеуші секторды дамытуды талап етеді, - деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, Астанада екінші күннен бері Қазақстан машина жасаушыларының ХІІІ форумы өтіп жатыр. Форум дәстүрлі түрде мемлекет пен бизнес өкілдерін тоғыстырып, машина жасау саласын одан әрі ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын негізгі диалог алаңы саналады.