Қазақстаннан Өзбекстан бағытына жөнелтілетін жүк вагондарының шекарада тұрып қалуына себеп болған компания басшыларын жауапқа тарту қажет. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында "Қазақстан темір жолы" АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновке тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өздеріңіз білесіздер, сенбі күні бұл мәселелерді бірге талқыладық. Қазір Өзбекстан бағыты бойынша жүк вагондарының жиналуы байқалып отыр. Қандай шаралар қабылданып жатыр? – деп сұрады Үкімет басшысы.
ҚТЖ басшысының айтуынша, 7–8 желтоқсан күндері Сарыағаш пен Ташкентте Өзбекстанның көлік министрімен кездесулер өткен.
Нәтижесінде бірнеше бірлескен шешім қабылданды. Біріншіден, Өзбекстанда жедел штаб құрылды. Екіншіден, барлық уәкілетті органдар тәулік бойы жұмыс режіміне көшті. Үшіншіден, Өзбекстан темір жолдары тәулігіне 1 800-ге дейін вагон, яғни 35 пойыз қабылдауға дайын. Соның ішінде 250 вагон – астық, ұн және басқа да тауарлар. Қазір жағдай тұрақталып келеді, астық экспорты ашылды, – деді Талғат Алдыбергенов.
Сонымен бірге Премьер-министр мәселені толық әрі жедел шешу қажеттігін атап өтті.
Осындай жағдайға жол берген компания басшыларын жауапқа тартыңыздар. Маған баяндаңыз, – деп тапсырма берді Үкімет басшысы.