Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында келесі жылғы егіс егу науқанына бүгіннен бастап дайындалуды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Келесі егін егу науқанына дайындықты қазірден бастау керек. Облыс әкімдіктері 2026-шы жылы кемінде 2,3 миллион тонна минералды тыңайтқыш себуді қамтамасыз етулері қажет. Өнеркәсіп министрлігі егіншілерге қажетті тыңайтқыш көлемін отандық өнім өндірушілермен алдын ала пысықтап алғаны жөн. Әкімдіктер тыңайтқыштарды жеткізу үшін уақтылы шартқа отырып, қоймаларда олардың жеткілікті қорын қамтамасыз етсін, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол қаржыландыруға қатысты тоқталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі "Бәйтерек" холдингімен бірге 2026-шы жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыруды бастап кетті. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді барынша қамту үшін қаржыландырудың қолда бар құралдарын тиімді және ашық пайдалануды қамтамасыз етуді тапсырамын.
Сонымен қатар Бектенов Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге өнімнің үздіксіз тасымалын ұйымдастыруды тапсырды.
Фитосанитариялық қызмет астықты сақтау мен өткізудің барлық сатысында оның сапасын тұрақты бақылауда ұстасын. Сауда және Ауыл шаруашылығы министрліктері жиналған өнімді тиімді өткізу, оның ішінде дәстүрлі нарықтармен қатар, жаңа шетелдік нарықтарға да экспорт көлемін ұлғайту үшін тиісті шаралар қабылдауы керек. Бұл ретте терең өңделген өнімдерге баса мән берген жөн, - деді Олжас Бектенов.