Бектенов: Ішкі нарықты тағам өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай отырмыз

Премьер-министр Олжас Бектенов тамақ өнеркәсібінде оң нәтижелер бар екенін, алайда ішкі нарықты толық қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті екенін мәлімдеді.

 Үкімет баспасөз қызметі Кеше 2026, 11:00
Кеше 2026, 11:00
476
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың баяндамасынан кейін сөз алған Премьер-министр Олжас Бектенов тамақ өнеркәсібінде оң нәтижелер бар екенін, алайда ішкі нарықты толық қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Нәтижелер бар деп айтуға болады, бірақ тамақ өнімдерін өндіру бағытында әлеует өте жоғары. Біз әлі күнге дейін өз нарығымызды толығымен қамтамасыз ете алмай жүрміз. Сондықтан мүмкіндіктер бар, – дейді Олжас Бектенов.

Премьер-министр отандық өндірушілерді қолдау қажеттігіне де тоқталды. Оның айтуынша, шағын кәсіпорындардың қысқа мерзім ішінде ірі өндіріс алаңына айналуына нақты мысалдар бар.

Ол осыған байланысты TapTatti компаниясына барғанын айтты. Үкімет басшысының сөзінше, кәсіпорын бірнеше жыл ішінде шағын кондитер цехінен ірі зауытқа дейін өскен.

Кішігірім кондитер цехінен бастап, 4-5 жылда үлкен зауытқа дейін жетті. Қазір 1,5 мың адам жұмыс істеп жатыр. Сыртқы нарыққа да шығуды жоспарлап отыр. Күніне 20 тонна өнім шығарады. Болашақта жоспар бойынша 50–100 тоннаға жеткізбекші. Мұндай кәсіпкерлерді қолдауымыз қажет, – дейді Премьер-министр.

Наверх