- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Біз әрбір қазақстандық брендті мақтан тұтамыз – Үкімет
Біз әрбір қазақстандық брендті мақтан тұтамыз – Үкімет
Үкімет кәсіпкерлердің өсуіне қажетті жағдай жасау үшін белсенді жұмыс жүргізуде.
Бүгiн 2026, 10:22
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин отандық өндірушілердің тоғызыншы ULTTYQ ÓNIM көрмесінде Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің құттықтауын оқыды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құттықтауда ULTTYQ ÓNIM көрмесі қазақстандық бизнестің жетістігін көрсететін маңызды алаңға айналғаны айтылды.

Бұл алаң қазірдің өзінде жақсы дәстүрге және қазақстандық бизнестің жетістіктерін нақты көрсететін орынға айналды. Бүгін мұнда жай ғана тауарлар емес, кәсіпкерлеріміздің еңбегі, табандылығы мен таланты айқын көрініп тұр, – делінген Үкімет басшысының құттықтауында.

Олжас Бектеновтің айтуынша, Үкімет кәсіпкерлердің өсуіне қажетті жағдай жасау үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Оның ішінде қолжетімді қаржыландыру, жаңа нарықтарға шығуға қолдау көрсету және бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды азайту бар.

Бұл жұмыс нақты нәтиже беріп отыр. Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық кәсіпкерлік саласында еңбек етеді, шағын және орта бизнестің ел экономикасына қосқан үлесі 41%-ға жетті, ал осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 4,5 миллион адамды құрайды, – делінген құттықтауда.

Сонымен қатар нақты секторды дамытудың жүйелі тетіктерінің бірі ретінде Президент тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Инвестицияларға тапсырыс» бағдарламасы аталды.

Оның негізгі міндеті – импортқа тәуелділігі жоғары салалардағы жобаларды қолдау және ішкі нарық пен экспортқа бағытталған жаңа өндірістер құру, – деді Үкімет басшысы.

Бағдарламаны іске асыруда «Бәйтерек» холдингі институттарына, оның ішінде бүгінгі көрмені ұйымдастырушы «Даму» қорына негізгі рөл жүктелген.

Құттықтауда аталып өткендей, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және кәсіпкерлердің көбірек бөлігін қолдау үшін «Даму» қоры кепілдендіру құралдарын едәуір кеңейткен. Сонымен қатар түсінікті, тұрақты әрі ұзақмерзімді шарттар негізінде қолдаудың нарықтық тетіктері күшейтіліп, шағын қалалар мен ауылдардағы микро және шағын бизнесті кешенді қолдауға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылған.

«Даму» қорының өңірлік филиалдары базасында «Бәйтерек» холдингінің бизнесті қолдау бағдарламалары бойынша бірыңғай фронт-офистер құрылды, ал шалғай аудандар үшін мобильді фронт-офистер іске қосылып жатыр. Бұл мемлекеттік қолдауды жақын, қолжетімді және ыңғайлы етеді, – делінген құттықтауда.

Үкімет басшысы бизнесті дамудың барлық кезеңінде сүйемелдеуге жеке көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты «Даму» қоры жанынан «реабилитациялық орталықтар» құрылып жатыр. Онда қиындыққа тап болған кәсіпкерлер қаржылық және қаржылық емес шараларды қоса алғанда, кешенді қолдау ала алады.

Оның ішінде бизнестің тұрақтылығын қалпына келтіру бойынша консультациялар мен сүйемелдеу де бар, – делінген құттықтауда.

Премьер-министрдің айтуынша, 2025 жылы Үкімет «Даму» қоры арқылы бизнесті қолдауға 560 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл мемлекеттік қолдау шараларымен жалпы кредит сомасы 2,2 трлн теңге болатын 13 мың шағын және орта бизнес жобасын қамтуға мүмкіндік берген.

Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны, өнім шығарудың 27,7 трлн теңгеге өсуі және шамамен 2 трлн теңге салық. Бұл – экономикаға, өңірлерге және адамдарға қосылған үлес, – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы ULTTYQ ÓNIM көрмесінің жыл сайын өсіп, жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айтты. Биыл көрме өткізілу тарихындағы ең ауқымды шараға айналған.

600-ден астам компания біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың нақты дәлелі болды. Дәл осы алаңда біз жыл сайын қазақстандық компаниялардың қалай өсіп, нығайып келе жатқанын көреміз. Көптеген отандық өндіруші ішкі нарықта сенімді бәсекелесіп, экспортқа шығып, елден тыс жерлерде танымал брендке айналып келеді, – делінген құттықтауда.

Олжас Бектенов Үкіметтің негізгі міндеті шағын бизнестің орта және ірі бизнес деңгейіне дейін өсуін ынталандыру екенін атап өтті.

Біздің міндетіміз – әсіресе экономика үшін негізгі салаларда шағын бизнестің орта және ірі бизнес деңгейіне дейін өсуін ынталандыру. Біз отандық өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді Премьер-министр.

Құттықтау соңында Үкімет басшысы отандық өндірушілерге алғыс білдірді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан сіздерге зор алғысымды білдіремін. Біз елдің беделін нығайтып, оның дамуына үлес қосып жүрген әрбір қазақстандық брендті, әрбір өндірушіні мақтан тұтамыз. Отандық өндірушілердің тоғызыншы “Ұлттық өнім” көрмесін ашық деп жариялаймын! – делінген Олжас Бектеновтің құттықтауында.



Ең оқылған:
- Мал бағып жүрген ұлын іздеп шыққан: БҚО-да адасып кеткен әйел табылды
- Қытай АҚШ-ты Кубаға қысымды тоқтатуға шақырды
- Ең төменгі жалақы 150 мың теңге болса, кімнің жалақысы өсетіні айтылды
- Алматы облысында жүрген «зебралар» есек болып шықты
- Трамп Ормуз бұғазында кеме қатынасына төлем енгізуге қарсылық білдірді
Олжас АДАЙ