Бектенов Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды

Премьер-министр Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарының баяу жүріп жатқанын сынға алды.

 canva 14 Шілде 2026, 12:19
14 Шілде 2026, 12:19
174
Фото: canva

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» басшылығына Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Үкімет басшысының сөзінше, ел экономикасының дамуы одан әрі индустрияландыруды, цифрландыруды және инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуын қамтамасыз ету үшін энергетикалық қуаттарды көбейтуді талап етеді.

Олжас Бектенов Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына Алматы электр станциялары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысын қоса алғанда, негізгі энергия өндіру нысандарын уақытылы іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Көмір химиясы саласындағы қолда бар әлеуетті ескере отырып, көмірді өңдеу жобаларына жеке инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ әлеуетті инвесторларды қолдау шараларын кеңейтуді тапсырамын, – деді Премьер-министр.

Сондай-ақ ол энергетика жобаларын іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар басшыларының жеке жауапкершілігін еске салды.

Олжас Бектенов Алматыдағы ЖЭО-3-ке жүргізілген инспекция қорытындысына да арнайы тоқталды.

ЖЭО-3-тегі жағдай көңіл көншітпейді. Жұмыс қарқыны өте төмен. Егер нысанды жыл соңына дейін аяқтамасаңыздар, жеке жауапкершіліктеріңіз қаралады. Күн сайын бақылауда ұстаңыздар, – деп тапсырды Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Энергетика министрлігіне мұнай мен газ өндірудің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөз жүргізіп, нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Наверх