Үкімет басшысы Олжас Бектенов Үкімет отырысында жаңа Конституцияны іске асыру аясында бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің айтуынша, Үкімет «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» және «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» жаңа Конституциялық заңдардың қабылдануын қамтамасыз етуі тиіс.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 15 сәуірге дейін аталған заң жобаларын әзірлеп, Үкіметке енгізу тапсырылды.
Сонымен қатар Конституцияға сәйкес, жекелеген өңірлердің жедел экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін «қарқынды дамитын қала» арнайы құқықтық режимін енгізу мүмкіндігі қарастырылған.
Осыған байланысты Парламентте «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын қарауды жеделдетіп, оны наурыз айының соңына дейін Мемлекет басшысына қол қоюға ұсыну қажет, — дейді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғанын еске салды.
Осыған орай 7 сәуірге дейін жаңа Конституцияны ілгерілету жоспары бекітілуі тиіс. Бұл бағытта Әділет министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жоспар жобасын әзірлеп, 1 сәуірге дейін Үкімет Аппаратына енгізу тапсырылды.
Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор жоспарды іске асыру бойынша жан-жақты әрі түбегейлі шаралар қабылдауы қажет, — деді Үкімет басшысы.