Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов геологиялық барлау саласын дамыту және тарихи деректерді цифрландыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтуді маңызды міндеттердің бірі ретінде белгілеген. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экономикалық өсімнің негізін қалыптастырады.
Барланған жер қойнауының көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл міндет келесі жылы орындалатын болады, – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі таңда жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы құрылған. Онда 22 мемлекеттік қызмет ұсынылады. Платформа арқылы лицензиялар автоматты түрде беріледі және жер қойнауын пайдалануға қатысты міндеттемелердің орындалуына мониторинг жасалады.
Сонымен қатар, дәстүрлі қағаз және магниттік таспаларда сақталған 3,5 миллионға жуық геологиялық дерек цифрландырылған.
Өнеркәсіп министрлігіне Қаржы, Жасанды интеллект министрліктерімен және Ұлттық геологиялық қызметпен бірлесіп, келесі жылдың соңына дейін тарихи деректерді толық цифрландыруды тапсырамын, – деді Бектенов.
Үкімет басшысы бұл шаралар инвестиция тартуды, кен орындарын барлау мен игеру жобаларын жеңілдететінін атап өтті.
Еске салсақ, биыл 9 ай ішінде геологиялық барлауға 80 млрд теңге жұмсалған. Энергетика министрлігі мұнай-газ секторындағы келісімшарттық міндеттемелердің орындалуын бақылауды күшейтіп, геологиялық барлауға салынатын инвестиция көлемін тұрақты деңгейде ұстап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді.