Бектаев: Парламентке өте алмадық, бірақ жеңілген жоқпыз

3 Ақпан 2021, 21:52
1291
Бөлісу:
Бектаев: Парламентке өте алмадық, бірақ жеңілген жоқпыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауын қорытындылау, сондай-ақ 2021-2023 жылдарға арналған «Ауыл» ХДПП іс-шаралар кешенін бекіту.

Саяси кеңес пен «Ауыл» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар алдында төраға Әли Бектаев сөз сөйледі.

Әли Әбдікәрімұлы өз сөзінде өткен сайлаудың нәтижелеріне тоқталып, сайлау барысына атсалысқан барлық партияластарына алғысын білдірді.

Бұл сайлауда біз Парламентке өтсек деген мақсатымызға жете алмадық, бірақ біз жеңілген жоқпыз, еңбегімізді ел көріп тұр. Осының өзі үлкен жеңіс, - деді Ә.Бектаев.

Сондай -ақ партия төрағасы сайлау барысында тұрғындар тарапынан «Ауыл» партиясына қолдау жақсы деңгейде болғанын атап өтті. 

Оған дәлел ретінде партияның атынан 237 мәслихат депутаты сайланғанын айтсақ та жеткілікті - деді ол.

Саяси Кеңестің отырысында партияның Республикалық қоғамдық штабының қортынды есебі тыңдалды. Штаб жетекшісінің орынбасары сайлау кезінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, өңірлік штабтардың жұмысына да баға берді. Партияның Қарағанды облысы бойынша өңірлік филиалдың төрағасы С.Әдікенов және «Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті мәжілісіне кандидат болған Әзімхан Сатыбалдин мен Зейін Әліпбек, Айдар Саттаровтар сайлау кезеңіндегі атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, келешекте атқарылуы тиіс іс-шаралар бойынша өз ұсыныстарын айтты. 

Сайлау кезеңіндегі белсенділігімізді жойып алмауымыз керек. Қазір облыстық және аудандық мәслихаттарда өкілдеріміз бар. Солар арқылы электоратпен жұмыс жасауға тиіспіз. Ауыл-ауылдардағы сайлаушыларды қабылдау маршрутын түзіп, олармен тұрақты түрде кездесіп тұрудың жолдарын қарастыруымыз қажет - деді Зейін Әліпбек.

Сонымен қатар  отырыс барысында «Ауыл» партиясының 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар кешені талқыланып, бекітілді. Партияның қызметі үшін стратегиялық маңызы бар құжат Саяси кеңес мүшелері тарапынан қызу талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы