Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустың эпицентрі - Ухань қаласында қалған 94 студентпен тікелей байланыс орнатылған. Қытай билігі университеттердің бірінші басшыларына арнайы тапсырма берген. Ал, елге оралып жатқан қазақстандық азаматтар арнайы медициналық бақылаудан өтіп жатыр. Бұл туралы бүгін Қазақстанның бас санитар Жандарбек Бекшин баспасөз брифингінде мәлім етті.
Қазіргі таңда біздің елшіліктеріміз Қытай Халық Республикасындағы қазақстандық студенттермен тығыз байланыста. Ухань қаласында 94 студент бар. Бәрімен телефон арқылы сөйлесіп, білім беру университеттерінің басшыларына хабар берілді. Қытай билігі тікелей тапсырма берді. Оларды азық-түлікпен, медициналық көмек, консультативтік кеңес беру жұмыстарын жүргізу қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыс университеттердің бірінші басшыларына жүктелген, - деді Жандарбек Бекшин.
Оның сөзіне сүйенсек, студенттерді елге қайтару мәселесін Үкімет қысқа мерзімде шешеді.
Коронавирустық инфекцияның елімізде таралмауы үшін біз шекара қызметімен бірлесіп, олардан тиісті ақпарат алып, елге келе жатқан азаматтардың толық тізімі бар. Бұл тізімді біз аймақтық, облыстық, қалалық денсаулық сақтау басқармаларына беріп жатырмыз. Олар келген адамдарды ауруханаларда 14 күнге бақылауға алып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Шетелден және Қытайдан келген азаматтар он төрт күн бойы дәрігердің бақылауында болады, - деп мәлімдеді бас санитар.Естеріңізге сала кетейік, Уханьда 98 қазақстандық студент өз еркімен қалып қойғаны туралы жазған болатынбыз.