Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары «Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін және құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудің өзекті мәселелері: проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Мемлекет басшысының Жолдауында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылғанын және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жазаны қатаңдату керектігін атап өткенін еске салды.
Балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау, оларға қарсы қылмыстардың алдын алу, құқықтарын қорғау үшін жағдай жасау Үкімет пен Парламенттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету көбінесе білім деңгейін, мәдениетін, адамгершілік қасиетін, отбасы институтының рөлін арттыру, қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау сияқты көптеген мәселелерді кешенді шешуге байланысты. Мұның бәрі криминогенділік деңгейінің төмендеуіне және тиісінше балаларға қатысты қылмыстардың санына ықпал ететін болады, - деді сенатор.
Отырыс барысында ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбек кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Ол қазіргі уақытта әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң Парламенттің қарауында жатқанын айта келіп, онда осы адамдарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі шаралар кешені және өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік көмек көрсету туралы ережелер бар екенін хабарлады.
Отырыста сонымен қатар Астана және Шымкент қалалары, Батыс Қазақстан облысы мәслихаттарының, сондай-ақ Бас прокуратураның, әділет, оқу-ағарту, еңбек және әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері және басқалар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жақсарту жөнінде баяндама оқып, ұсыныстарын айтты.