Бекіре тұқымдастарға «төлқұжат» беріледі

10 Маусым 2019, 14:54
3442
Бөлісу:
Бекіре тұқымдастарға «төлқұжат» беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтар үшін генетикалық паспорттар жасақталып жатыр, деп хабарлады Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Бұндай жұмыстар бірнеше жыл жүргізілуде. Негізгі мақсаты: бекіре тұқымдастардың миграциялық жолдарын зерттеу, сондай-ақ, табиғи және жасанды популяция деңгейін анықтау. 

«Әрбір ұсталған тұқым беруші балыққа және жас балыққа мамандар генетикалық паспорт жасайды. Соның арқасында кейінірек, балықтың қайдан келгенін, «ата-анасы» кім екенін, қай зауыттан шыққанын немесе табиғи жолмен пайда болғанын анықтай аламыз. Сөйтіп, әрбір елдің, әрбір зауыттың бекіре тұқымдастарды қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесі де белгілі болады», - деді «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Атырау филиалының директоры Ерболат Қадимов. 

 ​Қадимовтың айтуынша, шабақтардың өміршеңдігі туралы нақты ақпараттың болмауы – бекіре зауыттары бар Каспий маңы мемлекеттері үшін ортақ проблема. Қазір сыналып жатқан гендік – молекулярлық талдау әдістемесі болашақта жасанды және табиғи популяция арасындағы айырмашылықты ажыратып алуға мүмкіндік береді. 

​Жергілікті екі бекіре зауыты 20 жылда бекіре, қортпа, щоқыр сияқты балықтардың жүз миллионнан астам шабағын теңізге жіберген екен. Егер, қортпа 17-18 жаста жыныстық тұрғыдан ересек балыққа айналатынын ескерсек, кезіндегі шабақтардың қазір уылдырық шашуға шығуы әбден мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы