Еліміздің батысындағы су айдындарында «Бекіре-2024» балық қорғау акциясы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы су айдындарын қамтитын акция 31 мамырға дейін жалғасады. Оған 1200-дей инспектор, 100-ге тарта су көлігі мен шекарашылардың 3 радиолокациялық қондырғысы жұмылдырылды.
Биылғы балық қорғау барысында Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауы мен Жайық, Қиғаш өзендерінің теңізге құятын сағалары басты назарда болады. Себебі ол аймақта браконьерлер жиі көзге түскен. Мысалы, былтыр браконьерлерден 68 тонна балық, 30 келіге жуық бекіре балығының уылдырығы тәркіленіп, айдынға заңсыз ау жайған тұлғаларға 15,7 млн теңге айыппұл салынды.
Сайланып шыққан браконьерлер жылдамдығы жоғары «Байда» маркалы моторлы қайықты пайдаланады. Оларға тосқауыл қою мақсатында биыл Атырау облысы аумағында 2 тұрақты, 10 жылжымалы бекеттер орнатылды. Сондай-ақ бассейндегі ахуалды қадағалау үшін жедел топ құрылды. Рейдтік шаралар құқық қорғау органдарымен және ҰҚК-нің шекара қызметімен бірлесіп жүргізіледі, - деді Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясының баспасөз хатшысы Рүстем Қорқытов.