«Бекіре-2023»: Заңсыз браконьерлік бойынша 36 қылмыстық іс қозғалған

11 Шілде 2023, 15:41
682
Бөлісу:
«Бекіре-2023»: Заңсыз браконьерлік бойынша 36 қылмыстық іс қозғалған
Фото: ОКҚ

Елімізде сирек кездесетін және құрып кету алдында тұрған балық түрлерін заңсыз аулау деректері бойынша 36 қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Белгілі болғандай, «Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында «Бекіре-2023» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылған.

Акция басталғаннан бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп табиғат қорғау заңнамасының 972 бұзушылығын анықтап, жолын кесті. Нәтижесінде 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар балық түрлеріне заңсыз браконьерлік фактілер бойынша 36 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 15,7 млн теңге айыппұл салынды, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Айтуынша, заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық бекіре балығы алынған.

Заңсыз айналымнан 68 тонна 300 кг балық, оның ішінде 1001 кг бекіре, 29,5 кг бекіре балығының уылдырығы, 295 бірлік балық аулау құралдары, 76 бірлік су көлігі және 13 автокөлік тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті тралдау нәтижесінде су айдындарынан жалпы ұзындығы 74 шақырымнан асатын 743 бірлік заңсыз балық аулау құралдары алынды, - деді Аян Бахиянов.

Өзгелердің жаңалығы