Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Акция барысында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мемлекеттік инспекторлары құқық қорғау және табиғат қорғау органдарымен бірлесіп 2021 жылғы 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық қорғау заңнамасын бұзудың 1262 фактісін анықтады.
Оның ішінде 952 – Атырау облысының аумағында, 137 – Маңғыстау облысында және 173 – Батыс Қазақстан облысында.
862 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 114 – і сот тәртібімен, 56 қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп бұзушыларға 15,4 млн. теңге айыппұл салынды.
Заңсыз айналымнан 35 тоннадан астам балық алынды, оның 4,6 тоннасы – бекіре тұқымдас балық түрлері, 908 бірлік аулау құралдары, 95 бірлік жүзу және 23 бірлік көлік құралдары.
Жайық-Каспий бассейнінің су қоймаларынан негізінен синтетикалық моножіптен дайындалған заңсыз орнатылған 3035 аулау құралдары алынды.
Ең маңызды фактілердің ішінде мыналарды атап өтуге болады.
2021 жылғы 15 сәуірде Атырау облысының Исатай ауданында Жанбай ауылының маңында жалпы салмағы 100 кг бекіре тұқымдас балық тасымалдаған автокөлік ұсталды.
2021 жылғы 15 сәуірде Атырау қаласында рейдтік іс-шаралар өткізу кезінде жалпы салмағы 812 кг 247 дана бекіре тұқымдас балық тәркіленген жергілікті тұрғын ұсталды.
2021 жылғы 17 сәуірде ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып табылатын «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Каспий теңізінің «Нұрмұхан-Құлтық» ауданында инспекция қызметкерлері кәсіпшілік балық аулауға тыйым салынған жерде заңсыз балық аулауды жүзеге асырған 2 адамды ұстады.
Шағын көлемді кемені тексеру нәтижесінде жалпы салмағы 2,2 тонна балық табылып, тәркіленді, ұсталған адамдарға тиесілі судан аулау құралы (вентер) алынды.
Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында 2021 жылғы 26 сәуірде жалпы салмағы 148,55 кг бекіре тұқымдас балықты заңсыз тасымалдаған жергілікті тұрғынның басқаруындағы автокөлік ұсталды.
Батыс Қазақстан облысында акция барысында рұқсат құжаттарынсыз балық тасымалын жүзеге асырған 16 автокөлік ұсталды. Осы іс-шаралардың нәтижесінде 15 тоннаға жуық балық тәркіленіп, 15 қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, акция кезінде Инспекция және құқық қорғау органдарының қызметкерлері базарлар мен мамандандырылған дүкендердің синтетикалық моножіптен жасалған балық аулау құралдарын заңсыз сату мәніне мониторинг жүргізді, нәтижесінде 2021 жылғы 29 сәуірде Атырау қаласында сауда базарларының бірінде 79 бірлік көлемінде тыйым салынған аулау құралдарын сату фактісі анықталды, тәртіп бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 72,9 мың теңге сомасында айыппұл салынды.
Рейд жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың авиациясы мен су көлігі, оның ішінде шекаралық жылдам жүретін катерлер, сондай-ақ әуе жастықтары бар кемелер іске қосылғанын атап өту қажет.
2021 жылғы 30 мамырдағы ұшу барысында Жылыой ауданында қамыс қопасының арасынан ұзақ тұру үшін жабдықталған браконьерлік база (су және азық-түлік қоры, байланыс құралдары) табылды. Тексеру барысында тіркеу нөмірі жоқ тегіс ұңғылы мылтық, екі қолдан жасалған барлық жер үсті көлігі және үш жүзу құралы табылды, оларда балық аулау құралдарын пайдалануға тыйым салынған 7 қап болды. Жиналған материалдар мен заттай дәлелдемелер құқық қорғау органдарына қатысы бар тұлғаларды анықтау және процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілді.
Бүгінгі таңда құнды балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңінде браконьерлікпен күресті күшейтуге бағытталған «Бекіре-2021» балық қорғау акциясы аяқталды.
Акция қорытындылары республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ мемлекеттік органдардың интернет ресурстарында жарияланды.